2024 жылы педагогтардың жалақысы 224 мың теңгеден кем болмауы тиіс

11.10.2019

Мектеп директорлары мен орынбасараларының еңбекақысын 2 есеге көтеру керек. 2024 жылы педагогтердің жалақысы кем дегенде 224 мың теңге болуы тиіс. Сонда ғана мамандардың салаға деген қызығушылығы артып, білім сапасы жақсарады. Қазақстан коммунистік халық партиясы «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасына осындай ұсыныс білдіріп отыр. Жиынға министрлік, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен депутаттар қатысты. Мәселен, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков «педагогтың 25 жыл еңбек өтілі болса, оны бірден зейнетке шығуға мүмкіндік жасау керек», - дегенді айтады. Басқосуға келгендер мұғалімдердің коммуналдық төлемақылары үкімет тарапынан төленуі дұрыс деп есептейді. Айта кетейік, «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасын әзірлеуді былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған еді. Құжат 19 баптан тұрады. Бүгінде ол Парламент қабырғасында қаралып жатыр.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Көзге көрініп отырған, барлық жерде айтылып жүрген ол – педагогтардың әлеуметтік пакетінің жоғы. Сосын қолжетімді үйге қолдарының жетпей отырғаны. Міне, осылардың барлығын сараптай келе, қазіргі кезде педагог мәртебесінің төмендігі. Оның өзінде қазір мектепті реформалап жатыр, бүкіл білім саласын реформалап жатыр. Бірақ, ол көзге көрініп тұрған жоқ. Өйткені, ең бастысы педагогтың мәртебесіне байланысты болып тұр.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу