Түркия президенті Еуропаға ескерту жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия президенті Еуропаға ескерту жасады

10.10.2019

Бүгін Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған мәлімдеме жасап, сириялық босқындарды Еуропаға қоя беретінін ескертті. Ол мұндай қадамға егер Брюссель Анкараның Сирияда жүргізіп жатқан әскери операциясын оккупация деп сипаттаса баруы мүмкін. Тағы бір сөзінде, Ердоған Араб республикасының теріскейіндегі түрмелерден «Даиштың» содырлары босатылмайтынын мәлімдеді.

Түрік армиясы Сирияға дүйсенбі күні басып кіріп, бүгін күрд отрядтарының 181 позициясына соққы берді. Шабуылға ұшақтар мен артиллерия да қолданылып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, мыңдаған адам үйлерін тастап, жеті бейбіт тұрғын мерт болды.

Анкара Араб республикасының солтүстігін қарулы топтардан босатып, ол территорияға Түркиядан миллиондаған босқынды қайтармақ. Және де Ердоған бұл өңірден күрдтерді аластатқысы келеді.

Болжамдарға қарағанда, әскер науқан нәтижесінде аймақтағы жанжал тіпті өршіп, түрмелерден «Даиштың» мыңдаған мүшесі қашып кетуі мүмкін.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу