Берлин Еуразиялық клубының 27-ші отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Берлин Еуразиялық клубының 27-ші отырысы өтті

10.10.2019

«Еуропалық Одақтың Орталық Азияға жаңа стратегиялық бағдарламасы қағаз жүзінде қалмай, тиімді іске асырылады». Тараптар Брюссельде өткен Берлин Еуразиялық клубының 27-ші отырысында осыған сенім білдірді. Клуб Елбасы Н.Назарбаевтың «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2012-жылы құрылған болатын. Қазақстан мен Германия арасындағы пікірталас алаңында сақа саясаткерлер Еуропа мен Азия қатынасын бекемдеу жайын талқылады.

 «Еуропалық Одақ пен Орталық Азия: күшті серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын стратегияны қос тараптың дипломаттары екі жылдай дайындады. Жаңа бағдарламада адам капиталын, жеке кәсіпкерлікті дамыту, заңның үстемдік етуін қамтамасыз ету мен сапалы мемлекеттік басқаруға ерекше басымдық берілген. Қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану, киберқылмыс, есірткі саудасы сынды аймаққа ортақ проблемаларды шешуде Еуропалық Одақ белсенділік танытпақ.

Дәурен Кәріпов, ҚР Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Бұл біз үшін екі аймақтың қарым-қатынастың дамуына үлкен себеп болады деп ойлаймын. Ол саяси болсын, экономика, мәдени – гуманитарлық болсын. Осы салалардың бұрынғыдан да жаңа деңгейге көтеріліп, одан әрі қарай кеңеюіне үлкен мүмкіндік береді деген сенімдемін.

Петер Буриан, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:

Стратегияны жүзеге асыруға біз бизнес, азаматтық қоғам өкілдерін көбірек жұмылдырмақпыз. Экономиканы модернизациялау, жұмыссыздықпен күрес, көші-қонның алдын алу басты міндеттеріміздің бірі. Бұл стратегиядан аймақтағы бес ел, әсіресе Қазақстанның ұтары көп.

70 миллион тұтынушысы бар Орталық Азия нарығы Еуропа инвесторлары үшін таптырмас мүмкіндік. Басқосуда көпшілік қалталылардың да талап-тілектеріне құлақ түрді.

Ульф Шнайдер, Schneider Group компаниясының президенті:

Қазақстан-неміс кәсіпкерлері үшін Орталық Азияға кіретін басты қақпа, инвестициялық ахуалы қолайлы ел. Осы елдегі Астана халықаралық қаржы орталығы жанынан банк құрып, сол банк арқылы аймақтағы шағын және орта бизнесті қаржыландырып, шетелдік капиталды тартуға болар еді. Бұл барлық Орталық Азия елдері үшін керемет хаб болары сөзсіз.

Жаңа құжатта, гендерлік теңдік, Ауған әйелдеріне білім беру мәселелері де кеңінен қамтылған. «Қос құрлық халқының игілігі үшін көпфункциялы ортақ портал құру қажет»,- дейді еліміздің Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспан. Онлайн жүйе өзара ақпарат, тәжірибе алмасу арқылы стратегияның тиімділігін, Еуропа мен Орталық Азияның тұтастығын арттырады. Ұсынысты бірауыздан қолдаған тараптар қарашада Нұр-Сұлтанда басқосып, екіжақты сауданы күшейту жолдарын қаузайды.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу