Қарағанды облысында «Дипломмен ауылға» келген мамандар қатары артуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында «Дипломмен ауылға» келген мамандар қатары артуда

10.10.2019

«Қазір қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Шалғай елді мекендерде білікті педагогтар тапшы. Сондықтан «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру керек», - деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында. Ол үшін Үкіметке қаржы көлемін 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Қазір Қарағанды облысында аталған бағдарлама жемісті жүзеге асып келеді. Айталық, тек Нұра ауданының өзіне биыл 17 жас маман барыпты. 

Нұрдос Өсербаев жоғарғы оқу орнын бітірген соң бір жыл қалада жұмыс істеген. Кейін ауылға баруға шешім қабылдапты. Осылайша Мағжан Жұмабаев атындағы мектепке география пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Шәкірттері түрлі олимпиадаларда топ жарып, мектептің мәртебесін асырып жүр. Жас маман қосымша шахмат, робототехника үйірмелерінен де дәріс береді.  

Нұра кентіне «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген Нұрдос бірден баспанамен қамтылды. Көтерме қаржы алды. Кейін ол Қараой ауылында тұратын ата-анасы мен бауырларын жаңа үйіне көшіріп әкелген. Еңбекқор жігіт аз уақытта бау-бақшасын көкөніске толтырыпты.

Нұрдос Өсербаев, М.Жұмабаев атындағы орта мектептің мұғалімі:

Ауылды да көркейтейік деген мақсатпен осында келіп жұмыс істеп жатырмын. Ауылдың ішінде талантты балалар көп. Солардың барлығын көтеру біздің, яғни, жастардың қолында. Қазірдің өзінде біздің Мағжан Жұмабаев атындағы мектепте мұғалімдердің 70-тен астамы жас мамандар.

Жалпы, биыл Қарағанды облысы бойынша 236 мұғалім ауылға жұмысқа орналасты. Ал Нұра ауданына 17 жас маман келіпті. Олар қазір білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында жемісті еңбек етіп жатыр.

Әділбек Құмар, Жастар ресурстық орталығының директоры:

Мамандарды ауылға тұрақтандыру үшін бағдарлама өте жақсы ойластырылған. Яғни, алды, кетті деген дүние емес. Бес жылға дейін келісімшартқа отырады. Сол бес жылдың ішінде олар ешқайда кетпеуі керек, еңбегін сіңіру керек.

Жуырда Нұрдосты Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептің бірі жұмысқа шықырып, жоғары жалақы ұсынған. Алайда ол түпкілікті ауылда қалуға шешім қабылдап, келер жылы шаңырақ көтеруді жоспарлап отыр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу