Алматыда көпбалалы ана кәсіп бастауды үйретіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда көпбалалы ана кәсіп бастауды үйретіп жатыр

07.10.2019

Алматыда көпбалалы ана өзі сияқты басқа аналарға кәсіп бастауды үйретіп жатыр. Солардың бірі - Таңсұлу Сыдыққызы. Ол қазір «Бақытты отбасы» орталығында тігін үйірмесінің жетекшісі.

Таңсұлу Сыдыққызы - 6 баланың анасы. Ол көрпе тігіп, түрлі ас әзірлеуді бала кезінен үйреніп, дағдыланған. Қазір сол қолынан келетін ісін кәсіпке айналдырып отыр. Отбасынан бөлек, жұмысын жандандыруға да уақыт табады.

Таңсұлу Абылайханова, көпбалалы ана:

Адамның өзінің ынтасы болуы керек. Сол кезде ғана жасап кетеді. Ертең не болады екен, кеше не болды деп отырмаймын. Үйге мен күліп, қуанып барам...

Еңбекқор ана келешекте кәсібін кеңейтіп, үлкен өндіріс орны мен кондитерлік цех ашпақшы. Сондықтан түйген-білгенін өзгелерге де үйретіп жүр. Оның үйірмесінде кәсіп ашуға ниетті 20-ға жуық ана тіркелген. Олардың арасында аз уақытта көрпе тігуді үйреніп, мемлекеттен берілетін қайтарымсыз көмекті алып үлгерген көпбалалы аналар да бар.

Алтын Жұманбаева, көпбалалы ана:

Таңсұлу Сыдыққызы барлығын байыппен түсіндіріп, ретімен үйретіп жатыр. Ол кісімен жұмыс істеу өте ыңғайлы, ризамыз. Құрақ көрпе тігудің қыр-сырын тез арада үйрендік. Енді киім, сөмке тігуге кірісеміз. Содан кейін жеке кәсібімді бастаймын деген ниеттемін.

Жұмагүл Тәжібекова, «Бақытты Отбасы» орталығының үйлестірушісі:

Таңсұлу деген өте жақсы әйел. Бізге келді де мен жұмыс істегім келеді... Таңсұлуға айттым, міне орын бар, жұмыс істеңіз деп. Ол тез. Біреулер ойланып кетем дегенде, ол ертесіне дүниесімен келіп, кірісіп кетті.

Бүгінге дейін «Бақытты отбасы» орталығына 4000-нан астам адам көмек сұрап барған. Мамандар олармен жеке-жеке сұхбаттасып, түрлі тақырыпта кеңес берген. Бір ерекшелігі, мұнда қызметкерлердің көбі - көпбалалы аналар. Сонымен қатар шаштараз, жаңа технологияларды меңгеру сияқты көптеген үйірмеге тегін жазылуға болады.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу