Обырмен күрес қарқынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Обырмен күрес қарқынды

07.10.2019

Жаһан жұрты ғасыр дерті – обырмен күресті күшейтуде. Аурудың алдын алып, науқастарға сапалы ем беру - қазақ үкіметінің де басты міндеті. Себебі қазір елімізде осы дертке шалдыққан 181 мың адам есепте тұр. Диагностикаға, емдеуге қажетті инновациялық құралдар алып, тәжірибемен алмасу үшін қазақстандық делегация Бельгияға сапарлады. Медицина қондырғыларына қажетті термопластикалық материалдар шығаратын зауыттың жұмысымен танысып, бұйымдарына зертханалық бақылау жасады. 

Бұл-инновациялық технологияның көмегімен медициналық қондырғыларға термопластикалық материалдар шығаратын Бельгиядағы ең ірі кәсіпорын. Тауарын әлемнің 130-дан астам еліне тасымалдап отыр. Қазақстан нарығына 7 жыл бұрын радиотерапияға қажетті желілік үдеткіштерін шығару арқылы келген. Желілік үдеткіш құрылғысы онкологиялық ауруға шалдыққан науқастың негізгі зақымданған ағзасын емдеп, өзге дене мүшелерін радиологиялық сәуледен қорғайды. 

Гүлмира Қожахметова, «Медико-Инновациялық Технологиялар» компаниясының Радиология мен ядролық медицинаны дамыту жөніндегі жетекшісі:

Желілік үдеткіш құрылғысы сәулелік терапия кезінде қолданылады. Сәулемен емдеу барысында науқас ыңғайсыз жатса, көп қимылдай береді. Мына компания шығаратын маскалар, желілік үдеткіштер емделушіні қимылдатпай, ісікке қарсы емнің сапалы болуын қамтамасыз етеді. 

Данияр Алдабергенов, ҚР ДСМ «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ұлттық сараптау орталығының»1-дәрежелі маманы: 

Біздің сапарымыздың мақсаты-зауыттың медициналық бұйымдарының сапасын зертханалық тексеруден өткізу. Бұл компания Қазақстанда тіркелген. Қазір қайта тіркеу жасау үшін біздің елге тасымалданатын бұйымдарын тексеріп жатырмыз. Тексерістің қорытындысын 2-3 аптадан кейін дистрибьютор компанияға жібереміз.

Обырмен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты жетілдіріледі. Бағдарламаның орындалуына бельгиялық компания да атсалыспақ. 

Стивен Куперс, компанияның атқарушы директоры:

Обыр дерті бүгінде жер бетіндегі кісі өлімінің екінші себебіне айналды. Қазақ үкіметі оны емдеудің жаңа тәсілдеріне инвестиция құйып, ескі құрылғыларды жаңасына ауыстырып жатыр. Қазақстандық мамандар емнің тиімділігін арттыруға тырысуда. Біз радиациялық онкологияны модернизациялау бойынша қазақ елімен ынтымақты күшейткіміз келеді. 

Бельгиялық компанияның инновациялық бұйымдары әзірге, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе мен Семей қалаларындағы ауруханаларда ғана бар. Сәулелік терапияны қолжетімді ету үшін болашақта жоғарғы технологиямен елдің барлық аймағындағы онкологиялық орталықтарды қамтамасыз ету жоспарда бар. Мемлекеттің кешенді бағдарламасы-обырдың алдын алып,оны дер кезінде емдеуге үлкен сеп-дейді бельгиялықтар. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу