Атырау облыстық перзентханасы дәрігерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

06.10.2019

Жемқорлыққа қарсы агенттік басшысының орынбасары Шыңғыс Қабдуланың алдыңғы күнгі мәлімдемесіне орай. Ол Атырау облыстық перзентханасының басшысы мен акушер-гинекологы «жаңа туған сәбиді өлтірді» деген күдікке ілініп, «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қазіргі дерек бойынша, дәрігерлер өмірге келген сәбиді өлдіге санап, құжат толтырып жіберген. Ал шамалы уақыттан соң баланың тірі екені анықталған. Бірақ дәрігерлер базаға еніп кеткен құжат өзгермейді деп, баланы суық камераға салған. Бала суықтан өліп кеткен. Бұл іс бойынша перзентхананың басшысы мен акушер-гинекологқа тағылған айып дәлелденсе, 20 жылға сотталуы мүмкін.

Қабдуланың айтуынша, жантүршігерлік жайт директорға қатысты басқа баланың шетінеуін тексеріп жатқанда белгілі болған. Перзентхана директоры «тағы бір сәбидің өліміне жасалған сараптаманы өз пайдасына шешіп беру үшін Атырау облыстық сот-медицина институтының басшысына 300 мың теңге пара берген» деген күдікке ілінген екен.

Перзентхананың бас дәрігері демеушілердің ақшасына шетелге демалысқа кеткен. Тергеушілер оның телефон арқылы әріптестеріне бала туралы бұйрық бергенін естіген. «Бірден перзентханаға асықтық, бірақ үлгермедік. Сәби мұздатқыштың ішінде жансыз жатты», - деді Кабдула. Енді детальді түрде сипаттасақ, «Ақ жайық» интернет-басылымының жазуынша, трагедия 29 қыркүйекте болған. Әлгі нәресте дүниеге келгенде тірі екені байқалмаған. Оны өлі туған деп құжат толтырылады. Сөйтіп мұздатқыш камераға әкелгенде аяқтары қимылдайды. Акушер-гинеколог бас дәрігер Қуаныш Нысанбаевқа телефон соғады, ал ол «мұздатқышта қалдыруды» айтады. Нысанбаев телефоны тыңдалатынын білмеген, ал оның телефоны бірнеше рет пара бергені үшін күдікке ілініп, тыңдау қойылған екен. Қабдуланың «үлгермедік» деп тұрғаны сол...

Ең сорақысы, КазТАГ агенттігінің жазуынша, соңғы екі айда Атырау перзентханасында 40 нәресте шетінеген. Оны облыстық прокурордың аға көмекшісі Қанат Қабдолов хабарлаған.

Қазір медицинаға, жалпы әр салаға байланысты кетеуі кеткен тіршілік жайлы көп айтылып, жазылып жатыр. Бір күнде пайда болған нәрсе емес. Себептері де құпия емес. Мәселе system changes-те шығар...


Хабарламаларға жазылу