Халықтың қаржысын қарпып, қазір қарт құрлықта шалқып отырған Мұхтар Әбіләзов туралы сөгіп сөйледі бұрын жанында жүрген сенімді серіктері. Көрдіңіздер. Елдің алдында ақталудың тәсілін таппай тосырқағандар қолданатын бір жол бар. Ол бүлік шығару, бұқараны билікке айдап салу. Соның есебінен шетте жатып ұпай жинау. Ағайынның арасын алатайдай бүлдіруге білек сыбана кіріскендер төңкеріс жасаймын деп жақ сауып айтады. Мұны қалай түсінеміз? Еліне, жеріне жаны ашитын адам қарапайым халықты бір-біріне айдап салушы ма еді? Жақсы, жұртты алаңға алып шыққан екен, онда неге солардың басы-қасында, алдыңғы шебінде өзің жүрмейді? Неге қарапайым ел тап болған қиындықты бірге көрмейді? Неге тек әлеуметтік желіде батырсынып отырады? Сұрақ көп, жауабы жоқ. Өйткені шын батыр ешқашан елдің артына тығылмайды, батыр ешқашан қарапайым халықты өзінің жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін қолжаулық қылмайды, батыр ешқашан бүлікке бастамайды. Әрине сексеуілді сексеуілге ұрып сындарады демекші, халық пен биліктің арасын ажыратып, артынша оларды бір-біріне айдап салуға тырысатындар "біз Қазақстанға барсақ дереу қамап тастайды" деп ақталуы мүмкін. Қара бастарының қамы үшін қорқады екен, онда бейбіт өмір сүріп жатқан бұқараны да арандатып, аттандап арамдық жасауды доғару керек. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін қамалған қандастың көз жасын кім құрғатады? Шетте жатып шіренген батырсымақтар ма? Жоқ, Біз. Біз халық пен билік боп бірге отырып кез келген түйінді тарқата аламыз. Өз ақылымыз өзімізге жетеді, шетелде отырып арандататын өзгенің шатпағында шаруамыз жоқ. Иә, кемшілік барын ешкім нұқып көрсетпей-ақ білеміз. Оны да бұйыртса өзіміз түзетеміз. Құр айқаймен ештеңе шешілмейді, бұл дәлелденген дүние. Мұхтар Әбіләзов болсын, халықтың ақшасын жеп қашқан басқасы болсын бәрінің мақсаты біреу. Елді бір-біріне айдап салып, әлсірету. Арғы жағын өздеріңіз білесіздер. Қазақ "біріккен жүз, бытыраңқы мыңды алады" дейді. Әркімнің өтірігіне сеніп бір-бірімізді жау көруден сақтасын бізді. «Алаңға шығып айналаның астаң-кестеңін шығарсаңдар аспаннан ақша мен алтын жаңбырша жауады» деген ниеті бұзылғандардың ертегісіне сеніп шалыс басқан ағайынды жазғыруға болмайды. Бәрі қателеседі, тек сол қателікті кеш болмай тұрып түсіну керек. Сабыр Адайдың: "әр қазақ менің жалғызым"дегені бәріміздің көкірегімізде сайрап тұруы шарт. Халықты бүлікке бастап, қоғамды екіге бөліп тастасаңдар керемет өмірге жеткіземін деген қылмыскерлердің өтірігіне сенгендер қазір "ұры жолда қалдырады, тонаушы шөлде қалдырады" дегенді бастарына күн туғанда түсінді.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ