Көпбалалы қайсар ана бір отбасын жалғыз өзі асырап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы қайсар ана бір отбасын жалғыз өзі асырап отыр

03.10.2019

Атыраулық көпбалалы ана Эльвира Аралова бүтін бір отбасын жалғыз өзі асырап, көпке үлгі болып отыр. Табандылығымен талай қиындықты еңсерген нәзік жанды тынымсыз еңбегінің арқасында биіктерді бағындыруда. Берекелі кәсібін игілікті іске бағыттап, ел алғысын алып жүр.

37 жастағы Эльвира Аралованың 5 перзенті бар. Жалғыз ұлы дімкәс боп туғанымен, анасының арқасында кейін оңалды. Өміріндегі осы сынақ оның жаңа іс бастауына түрткі болды. Бүгінде жігерлі жан бейімдік оқу орталықтарын ашып, 14 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Эльвира Аралова, көпбалалы ана:

Балаларымыз алдағы уақытта оқып, осы ортаға бейімделіп кетсе екен деген мақсатпен ашылды. Біз, әрине бүкіл қаланың баласын қамти алмаймыз. Мүмкін емес. Бірақ он бала оқып, нәтиже берсе...

Орталықтағы 60-қа жуық баланың тең жартысы ерекше күтім мен қамқорлықты қажет етеді. Оларға арнайы мамандар бекітілген.

Лиза Дәулекешова, логопед – дефектолог:

Эльвира Олжабайқызы, басшымыз бізге жұмыс тауып беріп, осы жұмыспен қамтып отыр. Ол кісі өте талантты, талапшыл кісі.

Эльвираның жолдасы аяқ астынан сырқаттанып, бар ауыртпалық бір өзіне ауған. Оны алға сүйреген отағасының қолдауы мен балаларының болашағы. «Үкіметке иек артпадым. Керісінше, мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді өз игілігіме жараттым»,- дейді ол.

Эльвира Аралова, көпбалалы ана:

Қазір «Асыл ана», «Бизнес бастау» сияқты жақсы бағдарламалар қарастырылып жатыр. Қазір үкіметке масыл болатын жағдай емес. Қазір «мен жасай аламын» деп, «мен жетем, мен осындай боламын» деп, адал еңбектің арқасында, ешкімге алақаныңды жаймай, ешкімнің есігін аттамай-ақ та өмір сүруге болады. Оған тек ерінбей еңбек ету керек.

Еңбек – бәрін жеңбек. Табысты жан мұнымен тоқтамақ емес. Жақында үшінші оқу орталығын ашпақ. Онда қыз-келіншектерге шеберлік сағатын өткізіп, кәсіпке баулиды. Әрі қайырымдылық қорын дамытып, мүмкіндікдігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдемек.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу