Бір мектептен 14 «Алтын белгі» иегері түлеп ұшқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір мектептен 14 «Алтын белгі» иегері түлеп ұшқан

01.10.2019

Алматы облысында 762 мектеп болса, солардың ішінде көш ілгері келе жатқан Мұхтар Арын атындағы №24 лицей. Білім шаңырағының оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда топ жарып, биіктерді бағындырып жүр. Былтырғы оқу жылында түлектер 14 «Алтын белгі» алып, білім шаңырағы республика бойынша үздік ондықтың қатарынан көрінді.

Сырт көзге қарағанда, бұл оқушылардың белгілі бір спорт түрімен айналысады деп қалуға болады. Мойындарында түрлі сападағы медальдар. Бірақ бұлар спорт жарыстары емес, білім сайыстарында топ жарып жүр. Мәселен, Зульфия Иманбекова химия пәнінен алғашқы медалін 7-ші сыныпта иеленді. Биыл дәл осы пәннен республикада бірінші орынға шықты.

Зульфия Иманбекова, 11-сынып оқушысы:

Мен халықаралық емтихандарды тапсырып жатырмын. Үш емтиханның бірін бітірдім. Енді екі емтиханға жуық қалды. Олардан жоғары бал алсам, Құдай бұйырса, шетелдік университеттерде, жоғары оқу орындарында оқи алам деп ойлаймын.

Зульфияны білім додаларына дайындап жүрген Сәулетхан Әмір. Білікті ұстаз дарындарды анықтап, бұлақтың көзін ашудан жалыққан емес. Өзі баптаған бір емес, бірнеше шәкірті қазір шет елде білім алып жатыр. Мұғалімді білімге ұмтылған оқушылары шабыттандырады.

Сәулетхан Әмір, химия пәнінің мұғалімі:

Балалар біздің шабытымызды ашады деп ойлаймын. Мұғалім үшін ең бірінші тәрбиелеген оқушылардан алған алғыс, ең жоғары баға деп ойлаймын өз басым.

Лицейде тек оқушылар ғана емес, ұстаздар да медалист. Өздерінің білімін шыңдап, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ағарту саласының үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгілердің иегерлері. 70-ке жуық мұғалім болса олардың тең жартысы жоғары санатта. Ал 16 ағартушының «Шебер ұстаз» деген дәрежесі бар.

Мәрия Ғалиева, лицей директоры:

Ұлттық біріңғай тестілеуде біз бесінші жыл облыстық деңгейде бірінші орында. Ол деген сөз «Алтын белгілеріміз» жүз пайыз растайды. Үздік аттестаттарымыз да жүз пайызды. Соның бәрі білікті маман жұмыс істеген жерде әрине оқушы да терең білімді болады.

Лицей былтыр орта білім беру саласында үздік ұжым атанып, 23 миллион теңгеге жуық қаржылай сыйлық алды. Білікті басшы бұл қаражатқа ІТ сынып ашып, робототехника кабинетін жабдықтады. Қазір оқушылар түрлі бағдарлама құрастырып, роботтар жасап, өздерін ІТ саласында да шыңдауға кірісті.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу