Өңірді сапалы ұнмен қамтамасыз етіп отырған ұн зауыты жұмысын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірді сапалы ұнмен қамтамасыз етіп отырған ұн зауыты жұмысын тоқтатты

01.10.2019

Маңғыстау өңірін сапалы ұнмен қамтамасыз етіп отырған ұн зауыты жұмысын тоқтатты. Себебі негізгі шикізат - бидай жоқ. Кәсіпорынды дәнді-дақылмен қамтамасыз етіп отырған еліміздің солтүстік өңірлері соңғы 2 айда бидай жібермеген. Салдарынан зауыт басшылығы өндірісті уақытша тоқтатып, жұмысшыларды демалысқа жіберуге мәжбүр болды.   

Астықты өңдеп, одан ұн, жарма және кебек шығаратын зауыт Мұнайлы ауданының аумағында орналасқан. Кәсіпорын осыдан 2 жыл бұрын іске қосылды. Ауылдың 52 тұрғынын жұмыспен қамтыды. Күніне 120 тонна өнім шығарып, облыс халқын қолжетімді бағадағы ұнмен қамтып келді. Ал қазір зауыттың жұмысы тоқтап, іші қаңырап бос тұр.

Ақжібек Бердібекова, Ұн зауытының директоры:

Дәнді дақылдардың жоқтығына байланысты тоқтап тұрмыз. Ақшамызды жібердік, Көкшетау, Қостанай жақтағы мекемелермен келісім шартқа тұрғанбыз. Бірақ қазір елімізде дәнді-дақылдың тапшылығына байланысты біз ала алмай отырмыз. Бізге көмек керек дәнді дақыл беріп тұрса болды, үкіметтен де басқадан да сұрайтынымыз.

Зауыттың өнімі Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласында сұранысқа ие. Сондықтан тұрғындар жергілікті диірменнің тұрақты жұмыс істегенін қалайды.

Гүлшат Бөлекбаева, Бесшоқы ауылының тұрғыны:

Оның құнарлылығы, илегенде біз енді қазақтың әйелі білеміз ғой, нанның, ұнның қандай болатынын білеміз. Бізге өте тиімді еді. Бағасы да. Бірақ соңғы кезде Каспий ұнын дүкендерден көрмей жүрміз.

Базаргүл Қабақова, Бесшоқы ауылының тұрғыны:

Маңғыстау-5-тегі ұн зауыты тоқтап қалды. Ұн керек. Басқа ұндар қымбат. Балаларға да тиімді еді.

Аудан әкімдегілер кәсіпорынға көмектесудің амалдарын қарастырып жатқандарын жеткізді.

Дастан Мұратәлиев, Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы:

Облыстық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік басқармаларына ұсыныс бердік. Қазір облыс әкімдігінде СПК арқылы шикізат сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Қостанайдан шикізатты мемлекеттік корпорация арқылы сатып алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қостанайдың диірмендері де дағдарыс алдында тұрғанын сол өңірдегі тілшіміз өткен аптада айтқан. Оған жаздағы аптапта мыңдаған гектар алқаптың күйіп кетуі себеп болды. Осылайша, мұнайлыдағы 50-ден астам жұмысшы жалақы алмай үйлерінде күтіп жүр. Ал кәсіпорын басшылығы осы жоба үшін алған несиесін қайтарумен әлек.

Аягөз ОРАЛБАЙ


Хабарламаларға жазылу