Екібастұздағы «Проммашкомплект» зауыты өз жұмысын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы «Проммашкомплект» зауыты өз жұмысын тоқтатты

17.09.2019

Екібастұздағы «Проммашкомплект» зауыты темір жол бағыттамаларын шығаратын өндірісті тоқтатты. Оған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тарапынан тапсырыстың болмауы себеп болған. Аталған цехта еңбек еткен 130 жұмысшы белгісіз мерзімге дейін демалысқа жіберілді. Оларға еңбекақының 50 пайызы төленеді. Айта кету керек, Екібастұздағы кәсіпорын теміржолға қажетті қосалқы бөлшектер шығару бойынша заманауи технолгиямен қамтамасыз етілген кәсіпорындардың бірі. Қазақстан бойынша бұнда алғашқы болып өндірісті автоматтандырудың роботтық желісі іске қосылды. Ал келер жылы зауыт толық қуатында жұмыс істейді деп жоспарланған болатын. Яғни қазіргі уақытта күніне 120 теміржол дөңгелектерін шығаратын болса, алдағы уақытта олардың санын 650 дейін өсіру көзделген. Қазір кәсіпорын басшылығы дайын өнімді экспортқа шығарып, сату жолдарын қарастыруда.

Кенжебек Азатбеков, Индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге жауапты салаллық бөлімшесімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Облыс әкімшілігі тарапынан теміржолға қатысты сұрақтарды шешуге өкілетті орталық мемлекеттік органдарға хаттама жіберілді.

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу