Республикалық бюджет 95 млрд теңгеге артады

01.10.2019

Бүгін Үкімет отырысында осы жылға арналған бюджетті нақтылаған еліміздің Ұлттық экономика министрі осылай деді. Руслан Дәленовтың сөзінше, қазына кірістері салықтық және салықтық емес түсімдердің есебінен ұлғайтылмақ. Соның ішінде қосылған құн салығы, корпоративтік табыс және халықаралық саудаға салынатын салықтардың үлесі басым. Осылайша, министр республикалық бюджет түсімдерінің жалпы көлемі 95 млрд теңгеге өсетінін және 10,7 трлн теңгені құрайтынын айтты. Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақты даму болжамының негізгі көрсеткіштерін сақтап қалмақ. Айта кетейік, қазір Жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8%, мұнай өндіру 89 млн тонна. Ал, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4,0-6,0% шегінде тұр. 

Услан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Трансферттердің түсімдері, оның ішінде Ұлттық қордан трансферттер өспейді. Шығыстар 95 млрд теңгеге артады, бұл кірістердің өсуімен сәйкес келеді. Республикалық бюджеттің шығыстар көлемі 12 трлн теңгеден асады. Осылайша, түсімдер 10,7 трлн теңгені, шығыстар 2 трлн теңгені, тапшылық 1,4 трлн теңгені құрайды.

Ал, нақтыланған бюджет жобасын ұсынған қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов, құжаттың осы жылдың бюджетін атқару аясында Үкімет алдына қойылған бірқатар маңызды міндетті шешуді көздейтінін айтты. Яғни, бірінші міндет – әлеуметтік саладағы шұғыл қаржыландыру мәселелерін шешу. Бұл мақсатқа 84,8 млрд теңге көзделген. Екінші міндет – экономиканың өсу қарқынын арттыруға бағытталатын қосымша қаржы көздерін қарастыру болса, үшіншісі – төртінші тоқсанда шұғыл міндеттерге арналған Үкімет резервінің қолайы резервін қамтамасыз ету,-деді Берік Шолпанқұлов. 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ



Хабарламаларға жазылу