Қазақ киносының Париждегі алғашқы фестивалі сәтті аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ киносының Париждегі алғашқы фестивалі сәтті аяқталды

30.09.2019

Қазақ киносының Париждегі алғашқы фестивалі сәтті аяқталды. Ауқымды шараны еліміздің Франциядағы елшілігі мен Қазақ киносының Франциядағы қауымдастығы бірігіп ұйымдастырды. Елисей алаңындағы «Линкольн» кинотеатрында төрт күн бойы француздар қазақтың тарихынан, бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертетін құнды туындыларды тамашалады. Қазақ киносының деңгейіне жоғары баға берді.

Канн фестивалінің лауреаты, «үздік актриса» Самал Еслямова, «Анаға апарар жол» фильміндегі Мәриямның рөлін сомдаған Алтынай Нөгербек, көпшілікке «Мұстафа Шоқай» фильмінен жақсы таныс Әзиз Бейшенәлиев, қос режиссер Сергей Дворцевой мен Рүстем Әбдіраш. Қазақтың хас шеберлерін, қазақ киносын көруге келген көптің қарасы қалың. Талғамы биік көрерменнің назарына ұйымдастырушылар «Қазақфильм» киностудиясының үздік деген 11 фильмін ұсынды.

Андрей Иванов, Қазақ киносы фестивалінің президенті, продюсер:

Былтыр 71-Канн фестивалінде қазақ қызы Самал Еслямова «үздік актриса» атанғанын естіп, залда көз жасыма ерік бердім. Сол кезде қазақ киносы арқылы мәдениетімізді көпшікке паш етуге бел будым. Қазір біздің кино өте жақсы дамып келеді. Жаһан жұрты білуі тиіс талантты актерлар, режиссерлар, шоқтығы биік туындылар өте көп. Мақсатымыз — соны Еуропалықтарға көрсету.

1925 жылы Париждегі халықаралық музыка байқауында Әміре Қашаубаев қазақтың дәстүрлі ән өнерін, ұлттық аспап домбыраны алғаш көпшілікке паш етеді. Ұлы тенордың даңқ пен азап қатар өрілген ауыр ғұмыры жайлы түсірілген «Әміре» фильмін көпшілік тапжылмай тамашалады.

Санжар Мәдиев, актер: 

Менің жылағым келіп тұр. Өйткені Әмірені Парижде көрсету биыл өмірден озған биограф, марқұм Жарқын Шәкәрім ағамыздың арманы еді. Ол кісі маған үнемі айтатын, біз Әміренің өміріндегі ең бақытты сәттерін, Париждегі күндерін көпшілікке көрсетуіміз керек деп. Сол арманы орындалды. Осы фильмнің арқасында Еуропа жұрты қазақ интеллигенциясы жайлы, Әміренің кім екенін білетін болады.

Фестивальде француздар ұлы Абайдың әкесі Құнанбаймен де жақыннан танысты. Халық әртісі Досқан Жолжақсынов түсіріп, басты рөлді өзі сомдаған «Құнанбай» фильмінен көпшілік қатал, шонжарды емес, ел қорғаны бола білген, жан-дүниесі шарық ұрған Құнанбаймен қауышты.

Тәбәрік Долу, Франциядағы қазақ диаспорасының өкілі:

Шетелде туып өскен қазақ диаспорсы үшін ата-жұртқа бармай-ақ, қазақ киноларын тамашалап отырмыз. Рахмет айтамыз! Қазақтың фильмінен басқа ұлттардан, Бастыстан, америкалықтардан төмен емес екенін көріп қалдық. Өте қуаныштымыз. Өте күшті болды.

Мэриам Д'або, француз-ағылшын актрисасы:

Мен үшін алғашқы қазақ фестиваліне келу, қолдау көрсету үлкен құрмет. Қазақ мәдениетінің, қазақ киноларының Парижде көрсетіліп жатқанына өте қуаныштымын. Осы фестивальдың арқасында қазақ киносымен танысуға мүмкіндік алдық.

Француздар төрт күн ішінде түрлі жанрдағы туындыларды тамашалап, қазақ киносының құдіретіне тамсанды. Кәсіби шеберлігімен шетелдік әріптестерін тәнті еткен актер, режиссерларға ұйымдастырушылар алғашқы фестивальден естелік сыйға тартты. Әміремен қайта қауышып, қазақтың бай мәдени мұрасына қызыққан француздар енді келесі жылы өтетін кинофестивальды асыға күтеді.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу