Ұлағатты ұстаздар әулеті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлағатты ұстаздар әулеті

30.09.2019

Үш ғасырға ұласқан мамандық. Бір отбасының бірнеше буыны ұстаздық мамандықты таңдаған әулет ұлықталды. Мұхамедиевтердің әулетінің педагогикалық еңбек өтілі - 276 жыл.

Бейімбет Мұхамедиевтің ата-анасы да, аға-әпкелері де дәл осылай шәкірт санасына білім нәрін құйды. Іні-қарындастары да ұстаздық жолды таңдаған. Сексеннің сеңгірінен асқан әкесі Шығыста күні бүгінге дейін сабақ беріп жүр. Отбасының барлық баласы әке жолын қуып, ұлағатты ұстаз атанған.

Бейімбет Мұхамедиев, №23 орта мектептің директоры:

Мен ойлаймын, ұстаздық жол деген ол мәдениеттің, тәрбиенің ең жоғары сатысы. Өйткені ұстаздың алдынан неғұрлым атақты адамдар да өтеді. Сондықтан мен балаларым егер таңдаса қуанамын.

Әулеттің жалпы еңбек өтілі - үш ғасырға жуықтайды. Осы уақытта жүздеген, тіпті мыңдаған баланың тұлға болып қалыптасуына үлес қосты. Бейімбет Мұхамедқазыұлының жары мен інісінің әйелі де қазір басқа мектепте тап осылай балаларға сабақ беріп жатыр. Ұстаздар әулетінің мүшелері мұны мақтан тұтады әрі жауапкершілігі де мол екенін түсінеді. Сол себептен, бір-бірімен ақылдасып, кеңесіп отырады.

Эльвира Мұхамедиева, №38 мектеп-лицейінің мұғалімі:

Жай өмірден басқа біздің ұстаздық өміріміз бар, әрқайсымыздың. Бір-бірімізді түсінеміз. Сондай жұмыстағы ақылдасамыз. Бір-бірімізбен.

Көпжылдық еңбек дәстүрін жалғастырып келе жатқан ізгі мамандық иелері бүгін алғыс хатпен марапатталды.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу