Алматы облысында жасөспірім ұялы телефонның қуаттағышынан көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жасөспірім ұялы телефонның қуаттағышынан көз жұмды

30.09.2019

Алматы облысында жасөспірім ұялы телефонның қуаттағышынан ажал құшты. 14 жасар бойжеткен смартфонын жатар уақытта қуат көзіне қосып қойған. Таңғы уақытта Қызының жансыз жатқанын әкесі бірінші байқаған. Қайғылы жағдайдың себеп-салдары анықталуда. Бірақ сақтықта қорлық жоқ. Өйткені ұялы телефоннан зардап шегу жағдайы елімізде де, әлемде де жиілеп барады.

Смартфонның қуаттағышынан көз жұмған жасөспірім Қаратал ауданына қарасты осы Бастөбе ауылынан. 14 жасар қыз ауылдағы нөмірі үшінші мектептің 9-шы сыныбында оқыды. Оқыс оқиға ата-ана, туған туыспен бірге мектеп ұжымының да қабырғасын қайыстырды. Мұғалімдер қауымы мұндай жағдай әр шаңырақта орын алуы мүмкін деп алаңдаулы.

Арман Ізбасаров, М. Горький атындағы орта мектеп директоры:

Бәріміздің қабырғамыз қайысып отыр. Ол бала біздің естуімізше, түнде ұйықтаған кезде телефонын зарядкаға қосып ұйықтаған. Қазіргі кезде өзімідің мектепте де сынып сағаттарын өткізіп, осы жайлы мұғалімдерге, оқушыларға түсіндіру жағдайларын жүргізіп жатырмыз.

Ал Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қазаны қайғылы жағдай деп тіркеді. Тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр.

Серік Үпиев, Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі:

Дәрігерлердің қортындысына сәйкес, қызды тоқ соғып қайтыс болғаны анықталды. Сонымен қатар оның төсегінде оның телефоны және қуаттағышы құралы да табылды. Осы деректерге қатысты тиісті тексеру жұмыстарын аудандық полиция жүргізіп жатыр.

Мамандар электр көзіне қосылған әрбір техника қауіп көзі екенін ескертеді. Ал адам шырт ұйқыға кеткен уақытта қауіп еселене түседі. Сондықтан жатар алдын мұндай құрылғыларды ажыратып қойған абзал.

Николай Барелко, байланыс құралдарының сарапшы-аудиторы:

Барлық қуаттағыш құралдар 220 вольттық тоқ көзіне қосылады. Бұл өте қауіпті. Ал жалғанған сымдарда ақау болып жатса қайғылы жағдай орын алуы әбден мүмкін.

Мамандар ұялы телефонды қуат көзіне қосылған кезде де пайдалану қауіпті екенін айтады. Ал ата-аналарға балаларын еркіне жіберіп түнімен смартфонға үңілтіп қоюға мүлдем болмайды деп ескертеді.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу