Еуропа ежелгі дұшпан-экономикалық дағдарыспен арпалысып жатыр. Жағдайы мүшкіл мемлекеттердің басшылары әлеуметтік төлемдерді қысқартып, салықтың мөлшерін көбейтуде. Осы уақытқа дейін халықты барынша жарылқап келген Бельгия үкіметі де әлеуметтің әлжуаз топтарын қолдауды азайтты. Себебі қазір адал еңбек етіп, елді көркейтудің орнына, мемлекеттің есебінен күн көруге машықтанған азаматтар көбейген.
Бельгия — Еуропадағы ең бақуатты елдердің бірі еді кезінде. Дағдарыс алқымнан алғалы ауқатты ағайынның да басынан бақ тайды. Мемлекеттік бюджеттің шығыны бүгінде ішкі жалпы өнімнің 13 пайызын құрайды. Экономикада өсім жоқ, шығын көп. Сондықтан Бельгия үкіметі белбеуді буа тартып, бір жыл ішінде мемлекеттік шығындарды 5 миллиард еуроға қысқартты.
Жан-Люк Ванрайс, Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бұрынғы президенті, сарапшы:
Біздің ел жұмыссыздық үшін ұзақ мерзімді жәрдемақы беріп, табысы 1 мың еуродан төмен отбасыларға қаржылай қолдау көрсетіп келген Еуропадағы бірден-бір ел еді. Жомарттықтың да шегі бар. Көпшілік дайын асқа жаман үйренді. Сондықтан әлеуметтік саясатты өзгертпеске амал жоқ.
Шарль Де Бувон, сарапшы:
Барлық Еуропа елдері сияқты біздің ел де осы уақытқа дейін өз тұрғындарын, бассауға сұрап келген басқа да халықтарды қаржылай жарылқап келді. Бұл масылдықты күшейтті. Яғни мен елге не берем деп емес, керісінше елім маған тағы тегін не береді деп алақан жаюшылар көбейді. Бұл — үлкен қасірет.
Қазір елде 40 мамандық бойынша жұмыс күші жетіспейді. Ал жастар еңбек етуге құлықсыз. Жылдар бойы мемлекеттен жұмыссыздық үшін жәрдемақы алып келген жатып ішер жалқауларға бұдан былай бір тиын да төленбейді.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Сарапшылар алдағы 10 жылда Бельгияда жарты миллион адам зейнетке кететінін айтады. Белсенді жастардың азайып, қарттардың көбеюі тиісінше, зейнетақы төлеуді қиындатпақ. Сондықтан үкімет зейнетке шығу жасын 2030 жылға қарай қазіргі 65-тен 67-жасқа көтеруді көздеп отыр.
Үкіметтің әлеуметтік төлемдерді қысқартуға бағытталған шараларын бағбан Эрик Фоорт толық қолдайды. Қос жанары көрмесе де қайсар жан есігінің алдына егін егіп, туған-туыс, көрші-қолаңды көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. Бағбан қызанақтың 200 түрін және қоян өсіреді. Ауласындағы 2 ешкісінің сүтін сауып ішіп, 20 шақты тауығының еті мен жұмыртқасын сатып жүр.
Эрик Фоорт, бағбан:
Табиғатымнан қол қусырып отыра алмайтын адам едім. 20 жыл бұрын жарық дүниені көруден қалғанда қатты қиналғаным рас. Бірақ есімді тез жидым. Ешкімге масыл болғым келмей, көкөніс өсіруге кірістім. Қазір менің жұмағым осы. Дені сау адам, ешкімнен ештеңе күтпей, өзі еңбектенуі тиіс.
Эриктің арманы — әлемде бар 14 мың қызанақтың түр-түрін өз бақшасында өсіру. Мемлекет Эрик сынды еңбекқорлардан көмегін аямақ емес. Ал мына құрбақалар сынды үкіметке ауыздарын ашып отырған масылдармен күрес әлі күшейе түспек.
Нұрсұлу ҚАСЫМ