Түркістан облысының тұрғыны тау бөктерінде құлпынай өсіріп, оны табысты кәсіпке айналдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының тұрғыны тау бөктерінде құлпынай өсіріп, оны табысты кәсіпке айналдырды

24.09.2019

Түркістан облысы Төле би ауданында тұратын Қанат Жиенбаев тау бөктеріне құлпынай өсіріп, оны табысты кәсіпке айналдырды. Алғашында тәжірибе ретінде жидектің көпжылдық көшетін отырғызған диқан қазір жарты гектар алқаптан 3 тонна өнім жинайды. Еңбекқор жан отбасын асырап қана қоймай, маусым кезінде бірнеше ауылдасына жұмысын тауып береді. Ал таза өнімді іргедегі ауыл тұрғындарына саудалып отыр.

Қанатқа құлпынай егуді Өзбекстанда тұратын нағашы ағасы кеңес берген. Тек ақыл айтып қана қоймай алғашында қасында жүріп білгенін түгел үйретіпті. Олар таудың етегіне жидектің «Қара ханзада» деген тұқымын жерсіндіреді. Таудың саф ауасымен жайқалып желек жайған құлпынайдың өнімі биылдың өзінде осымен үшінші рет терілуде. Тұқымның ерекшелігі көктемнен қара күзге дейін түйін салады.

Қанат Жиенбаев, диқан:

Суды көп қажет етеді. Екінші жағынан арам шөптен тазартып тұру керек. Шөп шығармау керек. Дәрі бермеймін. Таза, табиғи өнім.

Жаздағы терімнен соң қайтадан бойына нәр жинаған құлпынайлардың алды тағы да гүл ашып, алды қызара бастады. Енді бірер күнде жаппай піседі. Бұл кезде Қанат 14-15 ауылдасына жұмыс тауып береді. Олардың әрқайсысына күніне 2 мың 200 теңгеден ақы төлейді.  

Айгүл Жақыпбекова, жұмысшы: 

Ауылда тиімді Қарап отырғаннан гөрі күнделікті ақшамызды тауып жүргенімізге өзіміз де қуаныштымыз.

Төрт түліктің жайылымы болған бұл жерлерге осы кезге дейін кетпеннің жүзі тиген емес-ті. Ағын су да келмейді. Диқандық кәсіпке бел шешіп кіріскен Қанат 56 метр тереңдікте ұңғыма қазып жер астынан су шығарды. Егістігін тұтастай тамшылатып суаратындай етіп алды.  

Қанат Жиенбаев, диқан:

Су бір жағынан эконом болады. Кранды ашып жібересің ағып кете береді. Міне мынаған толтырамыз. Мұнан әрі қарай ағып кетеді.

Қанат Жиенбаевтың бұл кәсібін аудан әкімдігі қазір өзге ауылдың тұрғындарына да тәжірибе ретінде көрсетіп, пайдасын ұғындыруда.   

Құттымұрат Тұрғынбаев, Төле Би ауданы ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы: 

Осыны басқа да аудан тұрғындарына көрсетіп, осындай өнім алуға болатынын көрсетіп жатырмыз. Күзге қарай малина мен құлпынай егу жоспарланып отыр үй іргелік жерлерге.

Агрономиялық білімі болмаса да, Қанат қазірдің өзінде ауыспалы егіс тәсілін ойластырып қойған. 1 гектар алқапқа егілген құлпынайдың биыл тек жартысын ғана қалдырды. Оның орнына 3-4 жыл өзге өнім түрін өсіріп, егістік жерін тыңайтып алмақ ниетте.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ


Хабарламаларға жазылу