Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам көп балалы анаға Елорданың төрінен баспана алып берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам көп балалы анаға Елорданың төрінен баспана алып берді

20.09.2019

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам көп балалы анаға Елорданың төрінен баспана алып берді. 8 баласы бар жалғыз басты анаға бүгін 2 бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады.

Көпбалалы анаға пәтер берілетіні жайлы алдын ала айтылмаған. Тосын сыйды көрген Гүлшат Баяділова қуаныштан көзіне жас алды. Іргесінде мектеп пен балабақшасы бар үй арнайы таңдалыпты. Пәтердің іші тұрмысқа қажетті барлық техникалармен, төсек-орынмен толық жабдықталған. Күміс алқа иегері тағдыр тауқыметін көп көрген. Екінші баласы ауырады. Барлығы осыған дейін аядай бір бөлмені паналап келген. Былғары қолғап шебері биыл Алматыда өткен «Қанат Исламмен бокс кеші» атты шарадан жиналған қаржының бір бөлігіне отбасыға баспана алып беруді ұйғарыпты.

Гүлшат Баяділова, көп балалы ана:

Жаңағы кісілер кеше хабарлап айтты, бір кісіге жолықтырамыз сізді деп. Соған балалардың бәрін сабаққа жібермей, сендерді қыдыртады екен, ойнатуға апарады екен деп. Өзім солай ойлағам негізі. Бірақ басқаша болып шықты. Рахмет қуанышымда шек жоқ.

Қанат Ислам, кәсіпқой боксшы:

Бұдан кейін әр жарыста біз осындай жағдайы төмен, көп балалы аналарға көмек жасаймыз. Біздің мақсатымыз, ұранымыз — қолдан келгенше көмек жасаймыз. Қазақта мақал бар ғой: «Батыр болсаң, жауға найзаң тисін. Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін».

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу