Еліміздің барлық жылу электр стансалары жылыту маусымына сақадай-сай. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен брифингте Энергетика вице-министрі хабарлады. Сұңғат Есімхановтың сөзінше, энергия өндіретін кәсіпорындары күзгі-қысқы кезеңге әзірліктерін бекітілген кестеге сай жүргізіп жатыр. Бірқатар стансалардың негізгі жабдықтары күрделі жөндеуден өткен. Нәтижесінде, қазіргі күні 5 энергоблок, 40 қазандық және 23 турбина су жаңа кейіпке енген. Бұдан бөлек, тағы 4 энергия блогта, 28 қазандық пен 18 турбинада қажетті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, алдағы жылыту маусымына дайындық үшін орталықтандырылған жылумен қамту аймағында да 500-ге жуық қазандық жөндеуден өтпек. Жер-жердегі жұмыстардың дер кезінде аяқталуын құзырлы ведомство қатаң қадағаламақ.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Электр желілері бойынша да тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 84 пайызы аяқталды. Қалғаны кесте бойынша жалғасып жатыр. Қосалқы стансалардың саны да мыңнан астам. Оның 1152-сі аяқталды. Ол 94 пайызды құрайды.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ