Қазақстандық делегация Армения Республикасына сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық делегация Армения Республикасына сапармен барды

16.09.2019

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған қазақстандық делегация Армения Республикасында жұмыс сапарымен болды. Биыл Қазақстан мен Армения арасындағы достық әрі әріптестік орнату жөніндегі келісімге қол қойылғанына 20 жыл толды. Осы аралықта екі елдің экономикалық-әлеуметтік қарым-қатынасы айтарлықтай нығайды. 

Қазақстандық кәсіпкерлер Арменияда табысты еңбек етуде. Арменияның Үкімет өкілдері Қазақстандағы тұрақтылық пен татулықты, экономикадағы еселі көрсеткіштерімізді жоғары бағалады. Бұл жолғы кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелері пысықталды. Кездесу қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев әріптесіне Абай шығармаларының жинағын, әл-Фарабидің «Таңдамалы трактаттарын» және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітаптарын сыйға тартты. Сонымен қатар, осы елдегі бірқатар гуманитарлық бағыттағы жобаларды аралап шықты.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы жақсы дамып келеді. Осындай келелі кездесулерден кейін оның көлемі артатындығына сенуге болады. Бірінші кезекте біздің елдердің бизнес құрылымы қарым-қатынасты нығайтуға қызығушылық білдіріп отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда Арменияның 300-ге тарта компаниясы жұмыс істеуде. Қазақстан Армениямен өзара тиімді серіктестікті дамытуға, оның ішінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен мән береді, сондықтан біз Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша білім, денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылауға келдік.

Ербол Мәндібек

Хабарламаларға жазылу