Сауд Арабиясындағы мұнай зауыттарына жасалған шабуыл әлемде энергетикалық шикізат бағасын бүгін күрт қымбаттатып жіберді. Соңғы мәліметке қарағанда, Нью-Йорк пен Лондон биржаларында Brent маркалы мұнай құны бірден 19,5 пайызға өсіп, 71.95 долларға жетті. Ал, Американың WTI сұрыбы 15.5 пайызға көтеріліп, 63.34 долларға саудаланып жатыр.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұндай шабуылдар алдағы уақытта қайта жасалып, «қара алтын» нарқы әрі қарай өсуі мүмкін. Өйткені геосаясат қайтадан бағаны көтеретін құралға айналып отыр.
Саудияның Aramco компаниясының Абкайк және Хураис қалаларындағы зауыттарына жасалған шабуылды Иранға арқа сүйеген йемендік шиит-хуситтер өз мойнына алды. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, кешендер дрондар мен қанатты зымырандардың соққысынан өртке оранса керек.
Шабуылдан корольдікте мұнай өндірісінің тәуліктік мөлшері 5,7 миллион баррельге қысқарды. Бұл – әлем елдеріне күніне экспортталатын энергетикалық шикізаттың жартысына және дүниежүзінде 24 сағатта өндірілетін мұнайдың 5 пайызына тең көрсеткіш. Тағы бір айта кететін жайт, Сауд Арабиясы көмірсутегінің көбін Азия елдеріне сатады.
Болжамдарға қарағанда, Саудия кек алу үшін енді Иранға әскери соққы беруі мүмкін. Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға жауап қайтару мәселесін қарастырып жатқанын ескертті. Ислам Республикасы болса, әр-Рияд пен Вашингтон таққан кінәларды жоққа шығарып отыр.
Арыстан Рысбек