Ядросыз Қазақстан – әлемге үлгі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ядросыз Қазақстан – әлемге үлгі

12.09.2019

«Ядролық қару - адамзат үшін өз-өзіне ажал шақыру. Осы ажалдан арашалап, ядросыз әлем құруға үндеген Қазақстанның бастамасын жаһан елдері қолдауға міндетті». Бұл Брюссельде өткен басқосудағы Еуропалық Одақ, БҰҰ өкілдері мен сақа саясаткерлердің пікірі. Өзекті мәселе талқыланған жиынды еліміздің Бельгиядағы елшілігі Азиялық зерттеулердің Еуропалық институтымен бірігіп ұйымдастырды. 

Қазақстан-жаппай қырып-жою қаруынсыз бейбіт өмір сүруге болатынын әлдеқашан дәлелдеді. Жылдар өте келе бұл шешімнің жаһандық өркениеттегі маңызы айшықтала түсті. Себебі, ядролық қару-қауіпсіздіктің кепілі бола алмайды. Қазақстанның тұңғыш Президенті жаһандық деңгейдегі антиядролық қозғалыс құру арқылы- адамзат баласын аждаһа қарудың алапат қаупінен құтқаруға үлес қосты. Тың бастама ядролық үрейден арылуға ғаламат мүмкіндік-дейді сарапшылар. 

Нарциса Владулеску, Еуропалық Кеңестің Ядролық қаруды таратпау жөніндегі жұмыс тобының төрағасы:

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 10 жыл бұрын бекіткен халықаралық қауымдастықты қарусыздануға үндейтін күннің маңыздылығын жаһан жұрты түсінуі тиіс. Қазақстанның, елдеріңіздің тұңғыш Президентінің осы жаппай қарусыздануға қосқан үлесі үлкен құрметке лайық. Енді азаматтық қоғам, халықаралық, аймақтық ұйымдар, бәріміз жұмылып ядролық сынақтарға тиым салу туралы келісім-шарттың ратификациялануына күш салуымыз қажет.  

АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея, Иран, Қытай, Израиль, Египет. Ядролық сынақтарға тиым салу туралы келісімді осы 8 ел әлі күнге ратификацияламағандықтан құжат күшіне енбей отыр. Бұл миссияны атқаруда да БҰҰ Қазақстанға үлкен сенім артады.   

Анник Хинш, БҰҰ Бейбітшілік және қауіпсіздік кеңсесінің байланыс офицері:

Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде нағыз көшбасшы мемлекет екенін көрсетті. 57 комитетке төралық етіп, лаңкестіктің алдын-алуға қатысты да бірқатар бастама көтерді. Осы лаңкестіктің алдын-алуға қатысты келісімге Қазақстан елшісінің ұтқырлығының арқасында 70 мемлекет қол қойды. Ядролық сынақтың қасіретін тартқан ел мен халықтың бастамаларын БҰҰ әркез қолдауға дайын. 

Қазақстан өз аумағында төмен байытылған уран банкін құру арқылы-әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты-дейді сарапшылар. Бұл уранды бомба жасауға пайдаланатын лаңкестік топтардың әрекетіне де тосқауыл. Сақа саясаткерлердің пайымынша, Қазақстанның жолы, Н. Назарбаевтың ядросыз әлем кеңістігін кеңейту идеясы-ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты кепілі. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу