Сарығаш пен Өзбекстанның Жызақ облысын жалғайтын респуликалық жолдың құрылысы тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарығаш пен Өзбекстанның Жызақ облысын жалғайтын респуликалық жолдың құрылысы тоқтап тұр

11.09.2019

Түркістан облысы аумағындағы Сарығаш пен Өзбекстанның Жызақ облысын жалғайтын респуликалық жолдың күрделі жөндеуі «сақалды» құрылысқа айналатын түрі бар. Төрт айдың ішінде күре жолдың небәрі 9 шақырым жеріне ғана асфальт төселді. Мердігер құрылыс компаниясының жұмысы сонымен сап тиылды. Құрылысты аяқтауға 40 күндей уақыт қалды, әлі 26 шақырым жері бар. Ал оны бітіре алмай жатқанда, айналма жол ретінде уақытша пайдалауға берілген Шардара бағытындағы тас жолдың талқаны шықты.

  Ғани Қалмаханов, тілші: 

Төрт айда ауыл ішіндегі тәп-тәуір жолдың сиқы мынау болды. Асфальт төсеніш былай тұрсын жер қыртысын өзі ауыр жүк көліктерінің салмағына шыдас бермей ойлып, мынадай қыратты дөңестерге айналған. Салдарынан жеңіл көлік тұрмақ ауыр машинелердің өзі әрең өтеді.

Мамыр айынан бері айналма жолдың бойындағы Ошақты және Бірлік ауылы адамдарынан маза кетті. Айналдырған 3-4 айда 12 жол апаты болды. Салдарынан 6 адам қаза тапты. Оның екеуі жасөспірім.   

Әмірәлі Тәттібеков, ауыл тұрғыны: 

Жеңіл мәшине жүру мүмкін болмай қалды. Асты тиіп қап жатыр. Қайта-қайта тегістеп жөндеген болады. Бірақ одан жақсармайды. Жауын шашын күні жердің ой-шұқыры білінбейді. Жеңіл машине түссе балондар атылып кетіп жатыр.

Айналма жолдың талқаны шығып кеткен соң енді көліктер өзге ауылдардың ішімен жүретінді шығарды. Қошқарата, Жүзімдік, Бірлесу ауылдарының ішкі көшелері күндіз түні көлік нөпірі саябырсымайтын магистарльді дәлізге айналды. Мұндағы жұрт оқу басталғалы жанын шүберекке түйіп отыр. Жолдың бойында 6 мектеп және бірнеше балабақша орналасқан. Ата-ананың да, мұғалімінің де уайымы баланың амандығы.   

Жақыпбек Әбдірайымов, Мектеп директорының орынбасары: 

3 мыңға жуық көлік өтіп жатыр. Жол тар. Көлік көп. Балалардың қауіпсіздігі өте қиын. Кебір түсінігі төмен шоферлар 100-200-бен айдайды осы жерде. Жүрегіміз сулап, қорқып өлетін болдық. Біреудің баласын өлтіріп аламыз ба деп.

Жол төсеп жатқан «ТММ Береке» компаниясының тірлігі сылбыр, сөзі сұйық боп шықты. Тас төсейтін, жер тегістейтін техникалар жол бойында қаңтарылып тұр. Қыбырлаған пенде жоқ. Жұмысшымыз деген 4-5 адам ағаштың көлеңкесінде дем алып отыр.  

Замир Ситанов, Мердігер компания басшысының орынбасары: 

Кешігіп жатқанымыз оңай жұмыс емес. Төрт айда қатты кіріскен жоқ едік. Техниканы күттік. Енді 2 айда бітіреміз. Ол кезде толық келіскен жоқ едік.

Мекеме басшысы кіммен, не жайында келіскенін ашып айтпады. Осы кезге дейін әлдебіреулердің баталы сөзін күткен секілді. Айтқанынан ұққанымыз қаржысы, техникасы жеткілікті болғанымен жұмыс тым ауыр екен. Сонысына қарағанда мердігер «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап алған» тәрізді. Оның бұл әрекетіне жұмысқа тапсырыс беруші «Қазавтожол» мекемесі әзірге үнсіздікпен ғана қарап отыр.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ 


Хабарламаларға жазылу