Маңғыстаудың намысын Нұрсебеповтер отбасы қорғайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудың намысын Нұрсебеповтер отбасы қорғайды

06.09.2019

Бүгін мерейлі отбасы байқауы бойынша дауыс берудің соңғы күні.

Отбасы күніне орайластырылған конкурсқа еліміз бойынша 3200-ден астам топ қатысып жатыр. 2014 жылмен салыстырғанда қатысушылар саны 2,5 есеге көп. Жалпы өңірлік конкурстардан топ жарып шыққан 17 отбасы ұлттық байқауға қатысуға жолдама алған болатын. Дауыс беру қорытындысы 7 қыркүйек күні жарияланап, лауреаттар салтанатты түрде марапатталмақ. 

Киіз бен текемет басып, алаша тоқу, ағаш үйдің жабдықтарын әзірлеу – отбасындағы нәзік жандардың сүйікті ісі. Бұған оларды марқұм әжелері үйреткен. Темірдей тәртіптің арқасында әулеттің қызы да, келіні де осы дәстүрді жетік меңгерді. Ал, ер азаматтар болса мал бағуға машықтанған. 

Тамыры тереңге тартқан саялы бәйтеректей жайқалған әулеттің басшысы Нұрхан Нұрсебепов. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал жары Айтбикемен 53 жыл отасып, 6 ұл, 6 қыз сүйген. 50-ден астам немере-шөбересі бар. Еңбекке ерте араласып, зейнет жасына дейін мал баққан азамат балаларын да осы кәсіпке баулыды.

Дәурен Нұрсебепов – Н. Нұрсебеповтың үлкен ұлы:

Бала кезімізден ес білгелі сол шаруашылықпен айналысып келеді десек болады. Кішкентай кезімізден қозы-лақ бағатынбыз. Мектепке бармай тұрып-ақ атқа, атанға түйеге мініп үйрендік.

Батыр ана Айтбике Нұрсебепова жолдасының қасында көмекші шопан әрі, отбасының ұйытқысы бола білді. Перзенттерінің бойына бауырмалдық, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді сіңірді. 

Айтбике Нұрсебепова, Н. Нұрсебеповтың жұбайы: 

Жақсы болыңдар, өнегелі болыңдар, шырақтарым, ешкімнің ала жібін аттамаң деп қызыма да ұлыма да айтып отырамын. 

Жаңагүл Нұрсебепова , Н. Нұрсебеповтың қызы:

Анамыздың үйреткені өзімізге өмір бойы сабақ. Тігін жайлы оқып білім алмасам да сол кісінің үйреткені мен үшін жоғары оқу орнымен бірдей деп есептеймін. 

«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер». Нұрсебеповтар отбасынан шыққан ұл-қыз, "ұяда не көрсе ұшқанда соны іліп", мал бағу мен ағаш үй сәндеуді кәсіп етті. Қарапайым шопанның балалары бүгінде әр саланың білікті маманы. Бауырмалдық пен татулық – салтанат құрған жанұя, отбасылық құндылықтарды Елорда төрінде көрсетпек. 

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Егер бұған дейінгі конкурстарда, мысалға айтып кетейін, көп балалы отбасылардың қатысуы 36 пайыз мөлшерінде болса, биылғы жылы қатысушылардың 80 пайызы көпбалалы отбасылар, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жүрген орталарына, үлгі көрсетіп жүрген өнегелі отбасылар. 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу