Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының азиялық баламасы пайда болуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шығармашылығымен дараланған ақын-жазушыларға «Азия алыбы» атты марапатты ұсыну туралы бастама көтерді. Бұл туралы ол бүгін сары құрлықтың ойы терең, ең белді деген қаламгерлері бас қосқан жиында айтты. Бұл іс-шараның өзі Азияның әдеби ортасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Қаламгерлер қауымы әдетте бірін-бірі мойындамайды, қызғанышпен қарайды деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Алайда бүгін олар зор қуанышпен қауышып, іс-шара басталмай тұрып, бір-біріне арнаған өлеңдерін оқып беріп жатты.
Әдебиетшілермен арнайы кездесуге келген Мемлекет басшысы сөз басын қазақ қаламгерлері үшін қуанышты жаңалықтан бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни 2,5 миллиард оқырманға тарайды.
Иә бұл ел билігінің ұлттық руханият саласында тер төгіп жүрген азаматтарға деген қолдауының бір үлгісі. Еңбегімен көзге түскендерге біздің елде түрлі марапаттар жетерлік. Президент енді сары құрлық деңгейінде осындай сыйлық тағайындау қажеттігін айтты. Әрине шығармашылық қауымы үшін бұл да шабыт сыйлап, жаңа жаухар туындыларды дүниеге әкелуіне сеп болары анық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек.
Тұтас Азия құрлығындағы ақын-жазушылардың Ұлы Абайдың мерейтойы қарсаңында біздің елде басқосуы да ерекше символикалық мәнге ие. Түптамыры Күлтегін мен Тоныкөктен басталған әдебиетіміз ұлы хәкім тұсында өз биігіне көтерілген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Төл әдебиетіміздің асқар шыңға шығуы ұлы ойшыл Абайдың даналық болмысымен тығыз байланысты. Оның шығармалары – жалпы адамзатқа ортақ рухани жауһарлар.
Жазушылар бас қосқан кезде қашан да ел болашағы, адамзаттың ынтымағы мен берекесі, рухани құндылықтар сынды тақырыптар әңгіме арқауына айналары сөзсіз. Бүгінгі жиында да қоғамның қазіргі келбеті мен ертеңгі асулары талқыланды.
Төлен Әбдік, жазушы:
Жазушының мақсаты – қоғамға адамгершілік деген, ізігілік деген идеяларды сіңіру ғой. Ал егер адамның бойында ізгілік деген сенім болса, қылмысқа деген жек көрнішті сезім болса, онда жер бетінде соғыс деген болмайды, онда жер бетінде терроризм де болмайды, бәрі жақсарады.
Анатолий Ким, драматург, аудармашы, Ресей:
Жазушылардың алдында тұрған негізгі міндеті - адамзаттың аман қалуына көмектесу. Себебі, қазір әлемде шиеленіс, түсініспеушілік көп. Жиналған ядролық қарудың көлемі де шошытады. Ал біз қаламгерлер өз шығармаларымызбен адамдардың жүрегін жібітіп, кез-келген тектетірестің алдын-алуға ат салысуымыз қажет.
Қаламгерлер жиынына сары құрлықтың әр елінен 300-ден астам мейман келген. Олардың арасында Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары бар. Іс-шара 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Ертең белді жазушылардың шеберлік сыныптары өтеді және Абай көшесінің бойында қаламгерлер аллеясы ашылады деп жоспарланған.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ