Президент Жолдауында әлеуметтік салаға баса назар аударылды

02.09.2019
Аз қамтылған және көп балалы отбасының балалары үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерлерьге баруы үшін мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасалады. Ол үшін дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасы әзірленуі тиіс. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілсе де, кепілдендірілген тегін медициналық көмек алынып тасталынбайды. Әлеуметтік саланы дамыту үшін Жолдауда жауаптыларға бірқатар маңызды істер жүктелді.
Қазына қаржысы екі мақсатқа қана жұмсалуы тиіс. Ол — экономика мен әлеуметтік мәселелерді шешу. Президент пәрмен берген қос бағыт та әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған. Алдымен — білім сапасы. Өйткені білімі жоқ елдің - болашағы бұлыңғыр. Президент әлі күнге дейін елімізде еңбек ресустарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі жоқтығын сынға алды. Ол үшін кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс.

«Сосын ауыл мен қала арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатыр»,- деді Президент. Оның негізгі проблемасын да айтып берді. Өйткені ауылдарда білікті маман тапшы. Осы түйткілді тарқату үшін Мемлекет басшысы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтуді жүктеді. Келесі жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Ал аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларын алдағы уақытта үйірмелер мен орталықтарға орналастырудың жаңа тетігі пайда болмақ. Президент дарынды баланың қабілетін дамытуға арналған жол картасын әзірлеуді жүктеді. Оқулықтардағы олқылықтар да ойлантатын жайт. Сапа төмен.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Үлкен проблеманың бірі — оқулықтардың сапасы. Оқулық маңызды. Қате болмауы керек. Балаларымыз жақсы білім алып шығуы үшін оқулықтар дұрыс болуы тиіс. Келесі жылдан бастап, бұдан кейін оқулықтарда қателер болмауы керек. Ол үшін оқулықтарды дайындау жүйесін өзгертуіміз керек... Үлкен-үлкен жұмыстар күтіп тұр. Қазірдің өзінде нормативтік құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізіп жатырмыз.

«Ұлт саулығы – елдің басты байлығы. Осы мақсатта бұқаралық спортты дамытуға күш салынуы қажет»,- деді Президент. Әсіресе спорттық нысандар балаларға қолжетімді болуы керек. Ол үшін кешенді жоспар құрылады.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мұндағы қойылған міндеттер өте үлкен. Президенттің: «Әрбір азамат өзгерістерді сезінуі керек»,- деген сөзі үлкен жауапкершілікті жүктейді. Біз ол жұмысқа дайынбыз.

Ал 4 айдан кейін Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бірақ кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетіле береді. Осы мақсатта алдағы 3 жылға 2,8 триллион теңге бөлінбек. Ал жүйе тағы да дискредитацияға түспеуі тиіс. Президент бұл жолы қателікке жол берілмейтінін қатаң ескертті.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу