Сайлауға 4 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлауға 4 күн қалды

05.06.2019

Сайлауға 4 күн қалды. Бұл - үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күндері таяп қалды деген сөз. Сенбіге дейін президенттікке үміткерлер өздерінің бағдарламаларын таныстырып, көбірек ұпай жинап қалуға барынша тырысып бағуда. Бүгін де кандидаттар еліміздің әр өңірінде сайлаушылармен кездесу өткізді.

 

Баршаға ортақ игілік! Осы тақырып сайлауалды бағдарламаның мазмұнын толық ашып тұрғандай. Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім алуға, кәсіп ашуға, баспаналы болуға жағдай жасаймын деген сөзі бар. Осы мақсатты іске асыру үшін үміткерге қолдау керек десек, жергілікті жұртшылық ол жолда тартынбаймыз деп отыр.

Нұртай Сабильянов, ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшесі:

Семей қаласындағы ауызсу мәселесі, жолдар, көшені жарықтандыру мәселесі, сонымен бірге жылу мәселесі, тұрғын үй салуларды - барлығы осы бағдарлама арқылы шешіледі деген сөз. 

Қолдау мұнымен шектелмейді. Қала активі алдында сөз бастаған Мұхтар Құл-Мұхаммед осыны айтып, ұлылар мекеніне кандидаттың көңілі ерекше екеніне тоқталды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшесі:

Оның сайлауалды бағдарламасының екінші үлкен тезисі - әділдік. Бұл қоғамдағы әділдік, заңның алдындағы бірегейлік, үлкен-кішіні бірдей сыйлау. 

Сайлауалды бағдарламаның үшінші бөлігі өрлеу болса, оның бірнеше тарауы жастарға арналды. Мәселен, бүгінгі күні жұмыс өтілі жоқ жастардың қызметке орналасуы қиындау. Бұл мәселені шешуге кандидат дайын. Жоспарға сай тәжірибесі жоқ жас мамандардың еңбекке араласуын бақылауға алады. Бұны естіген студенттердің қуанышында шек болмады.

 

Коммунистік халық партиясының қатарына бүгін кәсіпкер, қоғамдық ұйым жетекшілері, тіпті көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар да қосылды. Елордалық Ардагерлер кеңесімен кездесуде жаңа коммунистерге партиялық билеттер табысталды. Солардың бірі - Әйгерім Бейсембаева.

Әйгерім Бейсембаева, ҚКХП мүшесі:

Туындаған мәселелер болса, осы кісілерге келемін. Осы кісілер шешуге көмектеседі. Халыққа да көмектесіп жатыр. 

Партияның қалалық штаб жетекшісінің айтуынша, жаңадан қосылған партиялықтарға саяси құрылымның бағыты мен қызметін одан әрі жетілдіру және жалғастыру міндеті жүктеледі. Ал ардагерлер оларға жөн сілтеп, тәжірибесімен бөліседі.

Нұрдәулет Оразханов, ҚКХП-ның қалалық сайлауалды штаб жетекшісі:

Оларға партияның идеясын, идеологиясын әрі қарай жалғастырып, біздің партияның ардагерлерінің ізбасарлары болады. Яғни, партияның ардагерлері өздерінің тәжірибесімен бөліседі. 

Салтанатты шарадан шахмат турнирімен ұласты. Қалалық штаб өкілдері ардагерлермен сайысқа түсті. Бұл арқылы партиялықтар салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды ежелгі ойын көмегімен ойлау жүйесін жетілдіруге шақырады.

 

Ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын еліміздегі ең ірі 3 университеттің өзі жыл сайын 8 мыңға жуық студенттің қолына диплом береді. "Егер осы мамандардың бәрі ауылдарда еңбек етсе, біз әлдеқайшан аграрлық державаға айналар едік", - дейді Төлеутай Рақымбеков. Бірақ, өкінішке қарай, олар қалада қалып, басқа салаларда еңбек етуге мәжбүр.

Наталья Колоскова, Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтың өңірдегі сенімді өкілі:

Төлеутай Рақымбеков өз бағдарламасында ауыл мен қаладағы жағдайды салыстырып, оның арасын жақындату керектігін айтады. Өйткені кім-кімнің болсын жоғары жалақы мен жайлы өмірді іздері анық. Егер дәл осыны елді мекендерде қалыптастыра алсақ, ауыл аймақтың тыныс-тіршілігі жанданар еді.

Төлеутай Рақымбеков үнемі ұлттық дәстүрді дәріптеп, отбасылық негізді нық қалыптастыруға шақырады. Үміткер бағдарламасындағы осы және өзге де тетіктер Қостанайдағы жиында қызу талқыланды.

Бекнұр Мұрат, Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтың өңірдегі сенімді өкілі:

Олардың өмір сүруге деген инрақұрылымды жандандыру және де рухани адамгершілік тұрғыдағы адамның ой санасын жандандыру.

Рақымбековтың штабы алдағы күндері еліміздің басқа өңірлерінде де осындай форматтағы жиындар өткізуді жоспарлап отыр.

 

Президенттікке үміткер Дәния Еспаеваның сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстарының қарқынын бір сәтке бәсеңдеткен жоқ. Бүгін Дәния Мәдиқызы ашық есік күні шарасы аясында бірқатар шетелдік журналиспен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Шетелдік тілшілер Президенттікке үміткер Дәния Еспаеваның өмірбаянынан бастап, сайлауалды бағдарламасына аса қызығушылық танытты.

Дәния Еспаева, ҚР Президенттігіне үміткер:

"Сіз өз бағдарламаңызда декоммунизация деп жазғансыз. Ресеймен қарым-қатынасқа қалай қарайсыз?" деген сауалдар да болды. Меніңше, жақсы өтті. Маған, партияның атына сауалдар түсті. Соған толық жауап бердім деп ойлаймын.

 

Дәния Еспаева ашық есік күні шарасы барысында тұрғындарды да қабылдады. Солардың бірі - «Ақ жол» партиясына алғысын айта келген Қарлығаш Мырзаханова. Елорда тұрғынының баспанасын жекешелендіруге қатысты мәселесін партия өз бақылауына алған.

 Қарлығаш Мырзаханова, қала тұрғыны:

Жұбайым 25 жыл ішкі істер саласында жұмыс істеп қайтыс болып кетті. Пәтер алған едік. Соны жекешелендіре алмай жүргенде «Ақ жол» партиясына келіп, осы азаматтар көмек қылып, депутаттық сауал жолдап, маған көмек жасады. Біріншіден, соған рахмет айтайын деп келдім.

«Ақ жол» партиясынан президенттікке ұсынылған Дәния Еспаеваны қолдау шаралары әлі де жалғасып жатыр. Ертең оның республикалық сайлауалды штабына шет елдік байқаушылар келіп, үгіт-насихат барысымен таныспақ.

 

Әміржан Қосановтың сайлауалды штабының мүшелері елордада үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл жолы олар экологиялық шара ұйымдастыруды қолға алыпты. Нақтырақ айтсақ, қаланың жағалауға жақын орналасқан саябақтарының бірінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Осылайша қаланың көркеюі мен дамуына өз үлестерін қоспақ.

Батырбек Қошқарбаев, Ә.Қосановтың Республикалық сайлауалды штабының мүшесі:

Бірнеше еріктіден құралған топ қазір осы жерді жинап жатырмыз. Соңынан жинап шығамыз. Осы жердегі адамдармен үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Бұған дейін де көп жерлерді араладық. 

Кандидаттың ұстанымдарын барынша көп адамға жеткізу үшін бұл іске еріктілер мен жергілікті белсенді жастар да тартылды. Олар тазалық жұмыстарына қатысып қана қоймай, Әміржан Қосановтың сайлауалды платформасына қатысты сұрақтарға да жауап берді.

Айкерім Отарбаева, ерікті:

Саябаққа келу арқылы біз агитациялық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Әміржан Қосановтың жалпы программасымен таныстыру сияқты жұмыстар жасап жатырмыз. Сонымен қоса ауладағы қоқыстарды жинау арқылы біз экологиялық аспектінің қаншалықты маңызды екенін көрсеткіміз келеді адамдарға.

Бас қаладағы штаб жұмысы мұнымен шектелген жоқ. Әміржан Қосановтың сенімді өкілдері алдағы күндері үгіттеу шараларын жалғастыруды көздеп отыр.

 

Өндіріс орындарында болатын оқыс оқиғаларды тексеру жөніндегі комиссияда кәсіподақ өкілдері міндетті түрде болу керек. Бұл сол мәселе бойынша тергеудің ашық әрі әділ өтуіне септігін тигізеді. Өйткені ұжымдардағы еңбек дауларының басым бөлігі бүгінде жұмыс берушінің пайдасына шешіледі. Сондықтан ҚР Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспихов «Қауіпсіз еңбек» жобасын үкіметтік деңгейде қабылдауға күш салмақ.

Жалпы еңбек қауіпсіздігі сақталмағандықтан, жыл сайын әлемде 2 миллион 300 мың адам көз жұмады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстандағы жағдай да көңіл көншітпейді. Әрбір жетінші жұмысшы басын қатерге тіге жүріп еңбек етеді. Аманкелді Таспихов Алматы қаласындағы сайлаушылармен кездесуде еңбек қауіпісіздігін сақтау бойынша кәсіподақ ұйымдарының қолға алып жатқан жаңа жобалырмен таныстырды.

Аманкелді Таспихов, ҚР Президенттігіне үміткер:

Жылда 1500 адам жұмыста жарақат алып, мүгедек болып қалады. Олардың қалдары мүшкіл. Оларға ары қарай өмірге бейімделетін өмірде қолдарын ауызына жеткізетіндей деңгейде өмір сүретін мүмкіншілік жоқ. Жұмыс бреуші әр уақытта жауап беру керек. Және қылмысытық іс ретінде жауап беру керек деп ұсыныс айтып жатырмыз.

 

Тіл, жер, діл, ар-ождан. Қазақстан Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел Ақтау қаласының тұрғындарын осы төрт тұғырымызды түгендеуге үндеді. Жергілікті халықпен қарт Каспийдің жағасында кездесіп, сайлауалды бағдарламасымен тереңірек таныстырды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлы дала мәдениетін жаңғыртуда белсенділік танытуымыз қажет екендігін атап өтті. Халқымыздың басты мұрасы, құндылықтарымыздың өзегі – ана тіліміз. Алайда, бүгінде мемлекеттік тіл шала-жансар күй кешіп жатқандығы белгілі. 

Орынбасар Құлбеков, штаб жетекшісі:

Біз қазақ болып туылдық. Сондықтан өз тілімізді біз құрметтеуіміз керек. "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" дейді ғой. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жақындап қалды, біз әлі орыс тілінде шүлдірлейміз. Енді, міне, ағылшын, қытайша деп жатыр да. Біз ең бірінші өз тіліміздің мәртебесін көтеруіміз керек. Президенттікке үміткер Сәдібек аға тілдің мәселесін қатты көтеріп жатыр. 

Асқар Маратұлы, Ақтау қаласының тұрғыны:

Тілсіз, дінсіз, жерсіз қазақ - қазақ емес. Болшақ жастардың қолында болған соң, алдымен жастарды соған шақырып жатыр.

Хабарламаларға жазылу