1961 жылдың 12 сәуірі, адамзат баласын дамудың келесі кезеңіне бастаған сапар бұл. Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан алғашқы адам. Әмбеге аян, 108 минутта жұмыр басты адамның таным-түсінігін төңкеріп тастады. Бұл тарихи сәтке Қазақтың Байқоңыры куә. Гагариннен бері Байқоңырдан талай кеме ғарышқа кетті. Дегеніне жетті. Бұл, әрине, мақтаныш, тек сол Байқоңыр Қазақтың жерінде тұрғанмен, тізгіні Ресейде екені көптің көңілін күпті қылады. Қазақстан ғарыш айлағын Ресейге 2050 жылға дейін жалға бергені жалпыға жария. Бұған қандай қажеттілік болды? Ғылыми тұрғыда біз бұл келісім арқылы қандай жетістікке қол жетіземіз?
Байқоңырдағы қаракөздеріміз орыстың тілі мен тарихын өзінің төл дүниесіндей оқуға мәжбүр болғаны, оларды соған мәжбүрлегені туралы айтылды, жазылды. Сол кезде намысы наркескен қазақ қарап жата алмады. Айтты, жетелеріне жеткізіп ескертті. Бұқара мен билік бірігіп әрекет етті, шүкір. Қазір Байқоңырдағы қазақтың тілі, ділі, діні түзеліп қалды деуге келе ме? Біз барып бір аптада зерттедік, ақиқатын айтамыз. Бұдан бөлек, Байқоңырдағы бауырлардың төбесіне жарылған зымыранның уы төгілгенін көрдік. Елсізге емес, елді мекенге таяу тұсқа түскен. Шенділер осы түйткілді тақырыптың түйінін тарқата алды ма?
Тағы бір мәселе, Қазақстан Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы жазық даладан аумағы 5,8 мың гектар болатын жерді зымыран бөлшектері құлайтын аймақ ретінде жалға берген деген ақпарат шықты. Анығын қазір айтамыз.
Тағы бір тарихи дерек, Байқоңырдағы Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны бар ғой, «Бәйтерек» дейтін. Ол жақта біздің қандастар қазақтың ғарыштық державаға айналуы үшін тәулік бойы тынбай қызмет етуде. Сол жерді түсіруге журналистердің ішінде тек «Мәселе» ұжымына рұқсат етілді. Керемет. Тарихи сәтке өзінің атын қашап қайтқан Еркін Съезұлы айтады, көріңіздер...