Алматы облысындағы Бақтыбай ауылының тұрғындары белсенді дауыс беріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Бақтыбай ауылының тұрғындары белсенді дауыс беріп жатыр

09.06.2019

Алматы облысында тұратын 2 млн халықтың 1 млн 400 мыңы сайлауға қатысуға құқылы. Өңірде 1400 сайлау учаскесі бар. Ол жерде президенттікке үміткерлердің 200-ден астам сенімді өкілі мен шет елден келген 10-даған бақылаушы сайлау барысын қадағалап отыр. Облыста 700-ден астам елді мекен бар. Солардың бірінде тілшіміз Қуаныш Қанатұлы болып қайтты.

Ауыл шаруашылыққа ден қойған өңірде тіршілік қызу. Бақтыбай ауылының тұрғындары таңмен таласа малын өріске шығарды. Енді бірі егіншілік қамымен жүр. Бірақ көбі белгіленген уақытта дауыс беруге асықты. Олардың қатарында ауылдағы жетекші шаруашылықтың басшысы Серік Сариев те бар.

Серік Сариев, Бақтыбай өндірістік кооперативінің жетекшісі:

- Елінің амандығын ойлайтын, өзінің отбасын ойлайтын азаматтар бүгін дауыс беру керек деп ойлаймын.

Жалпы, Ескелді ауданы бойынша 34 сайлау учаскесі бар. Дауыс беруші электорат саны 38 мыңға жуық.

Жанат Оспанов, №243 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бізде алдын ала 10 адам арыз берді, үйден дауыс берсек деп. Біз түстен кейін олардың үйлеріне барып, арнайы дауыстарын аламыз.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Жалпы, Бақтыбай ауылының тұрғындары сайлауда өте белсенді екен. Бұл ауылда 10 мыңдай халық тұрса, солардың 6 мыңы дауыс беруге құқылы. Ал бұл мектепте шамамен тең жартысы дауыс беріп жатыр.

Әсемгүл Бекберген, ауыл тұрғыны:

- Бұл сайлау менің ұлым Абылайдың болашағына өте зор мүмкіндік деп ойлаймын. Сайлау балаларымыздың болашағына жарқын жол ашады деп ойлаймын.

Сарапшылардың пікірінше, Алматы облысы бойынша негізінен елді мекен тұрғындары белсенділік танытады. Себебі ауылдағы сайлаушылардың басым бөлігі түске дейін дауыс беріп, шаруа қамына кіреседі.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу