Гүлшара Әбдіқалықова ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Джулия Валеземен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гүлшара Әбдіқалықова ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Джулия Валеземен кездесті

17.07.2019
Гүлшара Әбдіқалықова ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Джулия Валеземен кездесті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы өкілі (ЮНФПА), Қырғызстан мен Түркіменстан үшін елдік директоры Джулия Валеземен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Премьер-Министрдің орынбасары Қазақстан Республикасы мен ЮНФПА арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Қауіпсіз ана болу, репродуктивті денсаулықты сақтау, АИТВ/ЖИТС және туберкулездің алдын алу, гендерлік теңдік және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін ілгерілету жұмыстарына ұйымның белсенді қатысуы аталған салаларда елеулі жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Гүлшара Әбдіқалықова ЮНФПА Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сенімді серіктесі екенін айтты. Екі ұйым бірқатар табысты жобалар мен зерттеулерді іске асырды.

Қазақстанда 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды, осыған байланысты жастардың репродуктивті денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Премьер-Министрдің орынбасары ЮНФПА-ның осы бағыттағы қызметі үшін алғыс білдірді.

Кездесу барысында ағымдағы жылы Найроби қаласында (Кения) Халықты қоныстандыру және даму жөніндегі халықаралық конференциясының (ХҚДХК) 25 жылдығы құрметіне саммит өткізу мәселесі талқыланды. Саммиттің мақсаты - ана өлімін қысқартуға, отбасын жоспарлауға және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға қатысты ХҚДХК күн тәртібін ілгерілету үшін саяси және қаржылық импульс құру. Қазақстанның денсаулық сақтау, жастарды қолдау және ерлер мен әйелдер үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету салаларындағы саясатты жүргізуде жақсы мысалдардың бар болуына байланысты Джулия Валезе осы cаммитте қазақстандық делегацияны өз тәжірибесімен бөлісуге шақырды.

Кездесу соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г.Әбдіқалықова Қазақстандағы табысты қызметі үшін Джулия Валезе ханымға алғысын білдіріп, табыс тіледі.

Хабарламаларға жазылу