«Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті

29.08.2019

Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруы бар елдердің басшыларын Қазақстанға шақырды. Өйткені қазір жаһан сын-тегеуріндер мен қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Ядролық мемлекеттердің өзара текетіресі де күшейіп келеді. Осындай жауапты кезеңде келіссөздердің маңызы зор. «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» беру кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қырғи-қабақ боп отырған тараптарға елордада бас қосу туралы ұсыныс жасады.

Қазір әлем тағы бір қауіпті шекте тұр. Қырғи-қабақ тараптар көп. АҚШ пен Ресей арасындағы ахуал дүниежүзін алаңдатып отыр. Бір-біріне қарсы екі ядролық мемлекет Үндістан мен Пәкістан арасындағы текетірес тағы бар. 9 ел ядролық қаруға ие.

Бірақ олардың ешбірі қарулану бағдарламасын тоқтатуға асығар емес. Дүниежүзінде 15000 ядролық жарылғыш болса, олардың 3750-і бірден іске қосылуы мүмкін. Екі мыңы бір түймешікті басса жер шарын жояды. Қазақстан да қару-жарақ арсеналы жағынан 4-ші ел саналып келді. Бірақ Елбасының шешімімен осыдан 28 жыл бұрын дәл осы күні әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигоны жабылды. Осылайша, қазақ елі антиядролық қозғалыстың жаһандық көшбасшысына айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы:

Әскери адамдардың барлығы күшінде болған. Солардың қарсылығына қарамай, Қазақстан бұл мәселені шешіп, халықтың көңілінен шықты. Ол бүкіл халқымыз үшін 40 жыл бойы күткен тарихи шешім еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізде 1400 ядролық оқтұмсығы бар 100-ден астам құрлықаралық баллистикалық зымыран орналасты. Жаппай қырып-жою қаурын ұстап тұру үшін мүмкіндігіміз  де жететін еді. Сол кездегі Қазақстанның ядролық әлеуеті Франция, Ұлыбритания, Қытайдың жиынтық күшінен де асып түсетін. Кей елдердің мемлекет басшылары Тұңғыш Президенттің оны сақтап қалуға көндіруге тырысты. Дегенмен Елбасы мұндай қаруға ие болу қауіпсіздіктің кепілі бола алмайтынын айтып, батыл шешім шығарды.

Қазір әлемде ядролық қарудың зор арсеналы сақтаулы. Экстремистер мен террористердің қолына түссе, дүниені тегіс отқа орауы мүмкін.

Қауіп пен қатер қатар қабысып тұрған сәтте ядролық держава басшылары келісімге келуі тиіс. Ол үшін Қазақстан диалог алаңын ұсынуға дайын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державаларды Қазақстанға шақырып, уағдаластыққа қолжеткізуге үндеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы:

Жаһандық қоғамдастық даналыққа келіп, біздің ғаламшардың болашағы үшін диалогқа қарай батыл қадам жасау керек. Барлық ядролық держава басшылары келіссөздер үстеліне отыратын болса, нәтижелі болады. Барлық жанжалдар келіссөздермен шешіледі. Тарихқа көз жүгіртсек, бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін де, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де осылай болды. Нәтижесінде Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды.

Бүгінгі дата жаһан үшін маңызды. Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн. Сонымен қатар Семей ядролық полигонының жабылған күні. Оның үстіне биыл Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына 30 жыл. Осындай елеулі оқиғалар тұсында «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» лауреаттары марапатталды. Беделді сыйлық екі жылда бір рет табысталады. Таяу шығыс елдерінде жаппай жою қаруынан бос аймақ құруға қолдау көрсеткені үшін және 1,5 миллион сириялық босқынды қабылдағаны үшін Иордания королі Абдалла ІІ сыйлықтың бірінші иегері атанды.

Ал бұл жолғы құрметке МАГАТЭ-нің бас директоры болған марқұм Юкия Амано және Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо бөленді. Марапатқа бөленген екеуінің де еңбегі еңселі. Юкия Амано МАГАТЭ-ні 9 жыл бойы басқарды. Халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық қаруды таратпауға үлес көп. Ал Лассина Зербоның басшылығымен халықаралық мониторинг жүйесін құру бойынша жұмыс түгелге жуық аяқталды. 

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Осымен беделді сыйлықты иеленгендердің саны – үшеу. Бұл кезекті марапат емес, бейбітшілікке, қауіпсіздікке үндейтін жүлде. Әлемдік аренада ядролық шиеленіс күшейіп тұрған сәтте Қазақстан керісінше, ядролық қарудан азат аймақ құруға шақырып келеді. Бүгінгі шараның түп мақсаты – бұл ұстанымға бүкіл әлемнің бірлесіп, үн қатуына ықпал ету.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу