Құжатсыздық қараңғы жерде жарықсыз жүргенмен тең. Алдыңнан кездескеннің барлығы кедергі келтіреді. Жарықты жағу қиын емес. Ол үшін қандай қарекет жасау керек?
«Qareqet» бағдарламасы «Zan» айдарының бүгінгі кейіпкерлері – Гүлдәрия Теміржанова мен қызы Гүлзейнеп. Гүлдәрия Теміржанова Түркістан облысы Созақ ауданының тумасы. 15 жасар қызы екеуі де құжатсыз. Құжаты болмаған соң, бойжеткеннің мектепте оқу мәселесі сұрақ тудырады.
«Мен Оңтүстік Қазақстан облысында туып-өстім. Кейін анаммен Алматыға көшіп кеттік. Туу туралы куәлігім, мектептен алған құжаттарым болды. 16-ға толған соң анам «туған жеріңе барып, куәлік ал» деп Түркістанға жіберді. Алайда, құжаттарымды жолда жоғалтып алдым.
2003 жылы Түркістан облысына тұрмысқа шықтым. 2006 жылы 8 айлық қызыммен ажырасып кеттім. Сол кеткеннен араласпай кеттік. Екеуміз заңды некеге тұрған жоқпыз. Қызымның да құжаттары жоқ. Өмірде көп қиыншылық көрдім. Қызымды өсіріп, жеткізгім келеді», - дейді Гүлдәрия Теміржанова.
«Әкем болмаған соң қиналамын. Басқа балаларға ұқсап, еркелегім келеді. «Әкесі жоқ», деп мектепте қыздар ұрып кетеді. Құжаттарымды жөндеп, дұрыс мектепке ауысқым келеді», - дейді Гүлзейнеп.
Құжат жасауға не кедергі? Құжат беретін мекеме азаматтарды қайтарып жіберуге құқылы ма? Құжаттарды қалай реттеу керек? Ал, құжат жоғалған жағдайда қандай әрекет жасау керек? Бұл сұрақтарға студияға келген заңгер, сарапшы мамандар жауап береді.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.