«Qareket». Хадиша Ысқақова жетпістен асса да кесте тігу өнерін тастамай келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qareket». Хадиша Ысқақова жетпістен асса да кесте тігу өнерін тастамай келеді

08.01.2019

Қариялық жасқа жету – тағдырдың үлкен сыйы. Жастық шақта жұмысбасты болған жандар – орындалмай қалған арман-мақсаттарын жүзеге асыратын сәт те осы. Сол сәттің шұғылалы маусымын текке өткізбей, тағдырға разылық білдіруден асқан бақыт жоқ шығар?! Қазақ «60 – тал түс» дейді. Осы сөздердің астарына үңіліп қарасақ, бұл дегеніміз өмірдің ада сапыранынан, қарбаласынан өтіп, жаймашуақ жасқа жеткеніңді аңғартады. Бейнеттің зейнетін көріп, немере мен шөберенің қолынан су ішіп отыратын шақ екен.

Бірақ біздің қарияларымыз жасы 70-тен асса да қол қусырып отырған жоқ. Бірінің қолынан күрегі, қаламы түспесе, екіншісінің қолынан кестесі түспей отыр екен.

«Qareket» «Әлеумет» бағдарламасының бүгінгі кейіпкері – 76 жасар зейнеткер Хадиша Ысқақова.

«45 жасымда зейнетке шықтым. Содан бері кесте тоқумен айналысып келемін. Артымнан ілескен  немерем бар. Сондай-ақ, үлкен қызым да мен сияқты құрақ құрап, кесте тоқиды.

Кестені инемен тоқимыз. Ал, көрпелерді арнайы машинамен тігеміз. Немерелеріме суреттің көшірмесін жасап бер деп айтамын. Олар ұялы телефонына түсіріп алады. Сол суретке қарап отырып тіге беремін.

Тоқымаларымды балаларыма, туыстарыма сыйға беремін. Бұл оңай тірлік емес. Былайша айтқанда, көздің майын тауысады. Ата-бабадан келе жатқан өнер. Жатсаң анау-мынау дүниені ойлап, ауыра бересің. Өзім көп отыра алмаймын. Сол үшін шамам келгенше инемді сабақтап кесте тоқимын.  

Тоқуды жастайымнан білетінмін. Алайда тұрмыс құрып, балалы болып, ол туралы ұмытып кеттім. Төрт ұл, үш қызым бар. Барлығын үйлендіріп, үйлі-жайлы қылдым. Қазір кенже баламның қолында тұрамын. Келінге бәрін тапсырған соң бос отырамын ба? Осылайша, кесте тоқумен айналысқаныма 10 жыл болып қалды», - дейді қолөнерді серік еткен әже.

 

Толық нұсқа

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

Хабарламаларға жазылу