«Таңшолпанның» бүгінгі кейіпкері - табиғатынан ерекше дарынды бозбала Санжарәли Көпбаев.
Музыка Санжарәли Көпбаевтың өмірінде маңызды орын алады. 14 жастағы жеткіншек әлемдік шығармаларды фортепианода шебер ойнайды. Бірнеше рет жеке концерт берген жас музыкант күрделі туындыларды орындаудан зор шабыт алады. Күн сайын 4-5 сағат уақытын фортепианоның алдында өткізеді.
Санжарәли 5 жасында Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектеп-интернатына оқуға қабылданады. Ұстазы Гүлжан Қазыбекова бүлдіршіннің фортепианоға икемін байқап, осы аспаптың қыр-сырын үйретіп жүр. Санжарәли 9 жасынан бастап республикалық халықаралық байқауларға қатысып, өзін шыңдап келеді. Жас музыканттың фортепианода шебер ойнауы - ұстаздарының сіңірген зор еңбегінің жемісі.
«Санжарәлиді біздің мектептің алғашқы пианисті деп айтуға болады. Себебі, ол бала кезінен күрделі шығармаларды ойнай бастады. Ал, оны барлығы ойнай алмайды. Санжарәли музыканы сезіп, шығарманы тез жаттап алады. Оның қабілеті бала кезден ерекше. Мысалы, ол 3-ші сыныпта Бетховеннің «№5 сонатасын» ойнады», - дейді ұстазы Гүлжан Қазыбекова.
Санжарәлидің екі ағасы кәсіби музыкант болса, інісі скрипка сыныбында білім алып жүр. Анасы Гүлжан ханымның айтуынша, ол нағашы атасы Қабдыбекке ұқсаған. Ол кісі көптеген аспапта шебер ойнайтын талан иесі болған екен. Жас өнерпаздың білікті музыкант болуы үшін ата-анасы барынша қолдау көрсетіп келеді.
«Талантымды бірінші болып таныған – анам. Бала кезімде ән айтуды жақсы көретінмін. Анам осыны байқап дарынды балалар мектебіне алып келді. Өзіме тез және қиын шығармалар ұнайды. Мысалы, Шопеннің, Листтің шығармалары», - дейді жас өнер иесі.
Санжарәли наурыз айында өтетін Халықаралық байқауға қызу дайындық үстінде. Жас болса да әлемдік деңгейдегі шығармаларды орындайтын ол болашақта дүниежүзіне танымал өнер иесі болуды армандайды.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.