Қазақстанда 31 мектеп құлағалы тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 31 мектеп құлағалы тұр

17.11.2018

«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» депті уағында Шоқан Уәлиханов. Шыңғыстың ұлы айтқан азаттыққа қол жеткелі 26 жылға жуықтады, екіншісі білім беру деген құдыреттен де кенде емеспіз. Өйткені, әлемдегі әл-ауқаты әлсіз елдердің оқушылары қандай жағдайда оқып жатқанын естіп-көргенде жүрек тұсың сыздап сала береді. Мәселен, екі жылда бір рет қызыл су шайып кететін Бангладештегі балалар тасқыннан кейін талай уақыт мектептің бетін көрмейді. Өйткені, оқу ордалары жермен жексен болып қирайды. Ал, ас-сусыз қалған адамның сабағымнан қалып қойдым деп сан соқпасы екі бастан белгілі. Қазір бөбектер білімсіз қалмасын деп су бетінде қалқып жүретін мектептер жасалған. Экономикасының айдарынан жел есіп тұрған көрші Қытайдың оқушылары да алаңсыз оқып жатыр деуге ауыз бармайды. Мәселен, Гуйчжоу провинциясындағы оқушылар үңгірлерде білім алуға мәжбүр деген ақпарат желіде желдей еседі. Бір мезетте мұнда 9 мұғалім мен 200 оқушы отыра алады екен. Мұндайды естіп-білгенде тәубе деу керек. Бірақ, азат қазақтың баласы алып атырапта сыныпқа симай, оқуды қимай, тарығып жүргенін естігенде есің екеу, түсің төртеу болады. Реформа жасаудан қолы тимейтін біздегі Білім және ғылым министрлігінің мамандары мынадай мәлімет айтыпты. Қазақстандағы мектептердің 127-сінде оқушылар үш мезгіл оқуға мәжбүр. Шенеуніктер бұғанасы қатпаған баланың үш мезгілді мектепте оқуы қаншалықты қиын екенін, мұғалімдер үшін мұның қиямет екенін аңғара қоймас, сірә. Өйткені, шенді-шекпенділер қарапайым халықтың ауыртпалығын сезеді, жұртпен бірге тарығып қиындыққа төзеді дегеннен гөрі, қазақ жерінен тірі динозавр табылды деген ақпарат сенімдірек болатын шығар. Әйтпесе, шекшиіп жүретін, миллиондарға ойнап күлетін шенеуніктер қазақтың ертеңіне баланатын жастарға ертегі айтпай, іске кіріспес пе еді? Өз балаларын шетелге оқуға жіберіп, халықтың қазынасын қалағанынша сорғандарға айттың не, айтпадың не? Елдің өкпесін көзге ілмейтіндерге Елбасы шүйлікті. Қазанда бәрін бір жерге жинап, жұртқа жағдай жасамағандардың сыбағасын берді. Мектептегі үш ауысымды оқудың барып тұрған масқара екенін беті қалыңдардың беттеріне айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

- Бізде мектеп жетіспейді. Әлі күнге үш ауысымды мектептер бар, сондықтан, 2019-2021 жылдары қосымша 50 миллиард теңге бөліңдер. Масқара болмай үш ауысымды мектептердің мәселесін шешіңдер.

Президент пәрмен бермесе, шенеуніктер өздігінен ойланып, түк шеше алмайтындай көрінеді елге. Елде мектеп жетіспесе арты не боларын Отто фон Бисмарк айтып кеткен. Ол: «Мектептен үнемдегендер, түрме салуға мəжбүр болады» депті. Мұны естіп біздегілер жаппай мектеп салып кетсе де қорқамыз, өйткені, қазір Қазақстандағы 31 мектеп апатты жағдайда тұр. Олар опырылып құласа, опаттың қанша боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Осыны білсе де, бұғып отырғандар апат болса ақталып шығудың амалын табар.

 

 

Гүлжазира Ғалиқызы

Хабарламаларға жазылу