Мектептер дайын емес: БҚО-да балалар өзге ғимараттарда білім алуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептер дайын емес: БҚО-да балалар өзге ғимараттарда білім алуға мәжбүр

03.09.2022

Президент өз Жолдауында мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керектігін атап өтті. «Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс»,- деді. Ал Батыс Қазақстанда күрделі жөндеуден өтіп жатқан 12 мектеп пен 4 білім ордасының құрылысы жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Балалар ауылдағы интернат, мәдениет үйі мен әкімдік ғимараттарында сабақ оқуға мәжбүр.

Ардақ Мұратқызы, тілші:
Үш жыл бұрын қаладағы №31 мектептің орнына жаңа ғимарат салынады деп уәде берілді. Алайда, ескісі бұзылғанымен, жаңасы әлі салынған жоқ. Тек іргетасы қаланған. Амал жоқ, осы ауданның балалары басқа мектептерде бірнеше ауысыммен сабақ оқиды.

Бұл жерде 400 орындық жеке мектеп салынуы тиіс еді. Бірақ қазір құрылыс тоқтап тұр. Жұмыстың тек 4%-ы орындалған. Енді облыстық білім басқармасы мектепті мердігерден қайтарып алып, құрылысты республикалық бюджеттен қаржыландыруды көздеп отыр.

Жыл басында облыста 10 мектеп тапсырылады деп жоспарланған еді. Алайда 4 білім ордасының құрылысы Білім күніне дайын болмай шықты. Солардың бірі - Казталов ауданы Жұлдыз ауылындағы алты жылдан бері апатты жағдайда тұрған мектеп.

Өтеп Төлеуов, ауыл тұрғыны:
2020 жылдың аяғында облыстық бюджеттен ақша бөлініп, тендер ойналған болатын. Мердігер «Алау құрылыс» сәуір айынан бастап жұмысын бастады. Бастағанмен, келді техникалары жоқ. Ақша түспеді деді, әртүрлі әңгіме айтты. Жартысын істеді, жартысын істеген жоқ. Масқара ғой мынау. Ұят емес пе!? Елден ұят болды!

Күрделі жөндеуден өтіп жатқан 12 мектепте алғашқы қоңырау соғылмайды. Солардың бірі - Бөкей ордасы ауданындағы Жәңгір хан атындағы білім ордасы. Кірпіші бөлініп, іргесі сөгіліп тұрған нысанның жөнделуі екі жылдан бері бітпей тұр. Теректі ауданы Аңқаты ауылындағы мектептің де жайы осы. Казталов ауданында үш нысанның құрылысы тұралап қалған. Ақжайық ауданы Атамекен ауылында мектеп салу ісі бес жылдан бері басталмай келеді.

Клара Меңдіғалиева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
Себебі құрылыс материалдарының құны өсіп кетті біршама теңгеге. Бұл мердігерлерге тиімсіз болғандықтан, созылып жатыр осылай жұмыстар. Биыл 19 обьекті бойынша күрделі жөндеу жұмысы болып жатыр.

Амал жоқ, ауыл балалары енді клубта, Мәдениет үйінде, интернатта, әкімдік ғимараттарындағы ыңғайластырылған сынып бөлмелерінде білім алмақ.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу