Жапонияда 1945 жылы болған трагедия есіңізде шығар. Тамыз айында Хиросима мен Нагасакиға атом бомбалары тасталып, мыңдаған жан мерт болды. Зұлмат жарылыс салдарынан қос қала қираған еді.
Ал, АҚШ-тың жапондарға мұндай қастандық жасауына кездейсоқ оқиға түрткі болғанын білесіз ба?
1945 жылы ІІ Дүниежүзілік соғыс Кеңес Одағы, АҚШ және Еуропа мемлекеттерінің арасында өршіп тұрды. 8-мамыр күні Германия өзінің жеңілгендігін мойындап, Одақтас мемлекеттер Жапон әскерінен Индонезия, Бирма, Үнді-Қытай түбегін азат етті. Бұдан соң 17-маусым мен 2-тамыз аралығында әйгілі «Потсдам» конференциясы өткізіліп, одақтас мемлекеттер Жапониядан жеңілгенін талап етеді. Міне, осы тұста түсініспеушілік туындап, үлкен қателік жіберіледі.
АҚШ Жапониядан капитуляцияны, яғни, өз еркімен берілуі керек екенін айтқанда, премьер Судзуки «мокусатсу» деп жауап береді. Бұл жапон тілінен аударғанда – бейтарап көзқарасты ұстануды, ойланамыз дегенді білдіреді. Алайда, жапондардың жауабын аудармашылар АҚШ президенті Труменге «Біз келіспейміз, бұған қарсымыз» деп қате аударады. Ал, мұндай дөрекі пікір Трумэннің шамына тиеді. Сөйтіп, бір жағынан өзінің өктемдігін, екінші жағынан жаңадан жасаған атом бомбасын сынақтан өткізу үшін АҚШ Жапонияны бомбаның астына алады. Осылайша 6-тамызда Хиросима (140 мың адам), 9- тамызда Нагасакиде (75 мың адам) үлкен жарылыс болады.
Апатты жағдайдан кейін 2 қыркүйекте Жапон үкіметі тізе бүгіп, актіге қол қояды. Демек, бір ғана сөзді дұрыс аудармағанның салдары үлкен шығынға ұшыратып, тарих беттеріне елеулі өзгеріс енгізді.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
