Адам үшін баласынан айырылудан асқан қасірет жоқ. Ұл-қызының қазасынан соң қайғыдан қан жұтып, оңала алмай қалатындар да бар. Алайда, тағдыр сынағына мойымай, еңсе тіктеп кетіп жатқандар да жетерлік. Солардың бірі Ұлмекен Төлеуова бүгін «Shanyraq» бағдарламасына келді.
«Бұл 1992 жылы болған жағдай. Одан бері 26 жыл өтті. Екі балам кішкентай кездерінде суға кетіп қалды. Үлкенім ол кезде 13 жаста еді. Балам екеуміз, анам, інім бір-бірімізге қолдау болдық. Ол жағдайды айта бастасам, өзекті өкініш өртейді. Қасымда болған, көмек берген анамның тағдырын қайталағандай болдым. Өйткені, анам әкемнен, одан кейін сіңлімнен айырылды. Кейін менің жолдасым, екі балам кетті. Анама қарап, оны аядым, тәубеме келдім. Осы сәтте қасымда басу айтар қариялар көп болды. Содан кейін алға басып, өмір сүрдім.
Қайын жұртым өте жақсы адамдар. Олардың қамқорлықтары, демеуі күш берді. Сенімді достарым да көп болды. Қасыңда осындай жандар барда, әрине, өмір сүргің келеді.
Балам білімді, иманды, көргенді жігіт болып өсті. Келінім, бес немерем бар. Солардың арқасында алда жүрмін. Әр адам өз мүмкіншілігін білуі керек. Бәрі жаман деп ойлап, жылай берсең, тек өзіңе зиян келтіресің. Мен өзімді тыйып отырдым».
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
