Басты Жаңалықтар Мұғалімді жөнсіз жұмсап желіккендерге жаза қандай болады?

Мұғалімді жөнсіз жұмсап желіккендерге жаза қандай болады?

Ұстаз шәкіртін шертіп келеді, артынша оқушы ата-анасын ертіп келеді. Екі тарап сабақты сырып қойып қызылкеңірдек болып қырқысады, жаға жыртысады ақыры соттың алдына барып тынады. Елдегі білім саласының бас ауруына айналған осы сценарий болып тұр. Мәселе «ұстаз алдында тіліңді тый, ұста алдында қолыңды тый» дегенді ұқпай, мұғалімді мұқататын шәкіртте ме, әлде ұстамсыз ұстаздар тәлім алушыны төмпештеуді әдетке айналдырған ба? Бұл сұраққа бізде ешкім толыққанды жауап берген жоқ, шу шықса бітті тілші біткен әлгі мектептің алдын торуылдап әлек болады. Білім ордасына жауапты бөлімдер мен басқармалар жауаптан жалтарумен бастары қатады. Артынша «өйбуй біздің кездегі ұстаздарды айтсаңшы, ұрғанда жаныңды шығаратын еді ғой» деп мектепте жеген таяғын мәртебе көретіндер әр жерден әр нәрсені айтып, келесі шу шыққанша тағы бір таяқ жеген тарихи тірлігін іштей дайындаумен болады. «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» депті Александр Македонский. Қазіргі ұстаздар оқушыға осынша тәлім-тәрбие бере ала ма? Шенеуніктердің қолжаулығы болудан қолы тимейтін мамандардың ертеңі не болады дегенді «Шаншар» былай шымшып айтты:

- Үйдегі келін мектепке мұғалім. Таңертең сағат 7-де кетеді, түнгі сағат 9-да келеді. Қағазбасты болды. Жұмысы өте көп.

- Сен былай қыл, мектептің жанынан жындыхана соқсын.

- Не үшін?

- Анау мұғалім бейшара пенсияға шыққанда явно жынданады ол. Бірден ананың ішіне кіргізіп жібересіңдер.

Біреу күлер бұған, шынтуайынтына келгенде, жыларман болатын жағдай. «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» дейтін қазақтың қазіргі мұғалімдері   зейнетке бейнетсізін қайдам, сотталмай жетсем деп армандайды. Өйткені, тапсырманы орындамаған оқушыны нұқып қалса, олар омақаса құлап мұғалімді соттап тынады. 2016 жылы елдің есін екеу, түсін төртеу қылған оқиға Ақтөбеде орын алды. Физика пәнінің мұғаліміне ерегескен есерлер сабақтан тыс уақытта мектепке келіп ұстаздарын жабылып ұрып қолын сындырған. Масқара емес пе? Ұстаз деген ұлы есімді ұқпайтындарға Елбасы ескерту жасады.

- Не болса соның бәрі мұғалімдерге жүктеледі. Сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат кампаниясын да мұғалімдер жүргізеді. Бұл үшін оларға ешнәрсе төлемейді. Олар жұмысын істеп, дайындалуы тиіс. Бұл аз болғандай, оларды тексереді.

Ұлағатты ұстаздарды ұлықтаудың орнына құрықтап отырғандар енді есін жия ма? Мұғалімді жөнсіз жұмсап желіккендерге жаза қандай болады?

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Бөлісу