Жапондық Фуки Яги: «Men Qazaqpyn» жобасын алдымен ғаламтордан тамашаладым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапондық Фуки Яги: «Men Qazaqpyn» жобасын алдымен ғаламтордан тамашаладым

11.10.2018
Жапондық Фуки Яги: «Men Qazaqpyn» жобасын алдымен ғаламтордан тамашаладым

Жапон ұлтының өкілі Фуки Яги «Men Qazaqpyn» жобасына қонаққа келді. Ол Мұқағалидің сөзіне жазылған «Қайран, Қарасазым» әнін домбырамен әуелетті. Әлі де болса домбырада еркін ойнамағанымен, оның қазақ ұлтына деген құрметі сүйсіндіреді.

Антрополог мамандығы бойынша Жапонияда докторантурада білімін жалғастырып жатқан ол докторлық диссертациясына «Баян-Өлгейдегі қазақтардың ән-күйі» деген тақырыпты алған.

Осы зерттеуді жүргізу үшін Моңғолияға келгенде, «Men Qazaqpyn» халықаралық жобасының іріктеу кезеңі өтіп жатқанын естиді. Бұған дейін ол бұл бағдарламаны «You tube» желісі арқылы тамашалаған екен. Қызығушылығы артып, қатысуға ниет білдіреді. Бірақ, мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктер жарысында іріктеуден өте алмайды. Алайда, биылғы жобадан шақырту түскенде, қатты қуанғанын айтты.

Бүгінде өз ойын қазақ тілінде толық жеткізе алатын ол зерттеуді түпнұсқадан оқу үшін тілді үйренгенін айтты. Айтуынша, қазақ тілін арнайы курстарда емес, Моңғолиядағы қазақтармен ауызекі сөйлесу арқылы үйренген.

Қазақстанға бесінші рет келіп тұрған Фуки қазақ мәдениетін там-тұмдап біліп қалғанын айтты. Қазақтың бауырсағы, домбырасы оған қатты ұнаған. Сонымен бірге, Қазақстан бизнес жасауға өте қолайлы екенін де атап өтті.

Фуки Ягидің «Men Qazaqpyn» мегажобасындағы өнерін жуырда Ұлттық арнадан көре аласыздар. Бағдарлама әр жексенбі сайын 21:05-те эфирге шығады. 

Хабарламаларға жазылу