Басты Жаңалықтар Біздің ел кімге және қанша ақшаға ескерткіш қойды?

Біздің ел кімге және қанша ақшаға ескерткіш қойды?

Тақырыпқа тұздық болсын, алдымен бейнежазбаны көрейік. Ескерткішке деген құрметті еске салып, естіп-көрген елдің есін алған дәл осы бейнежазба еді. Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап қойылған батырдың мүсінін, қыркүйекте қостанайлық шенеуніктерге қос көрінді ме қайдам, әйтеуір сүріп тастау туралы шешім шығарған. Ақталудан алдына жан салмайтын әкімдіктегілер алғашында бетоннан құйылған ескерткіш жел мен судан үгітіліп бітті деп ақталды. Әбден тоз-тозы шықса, оны неге трактормен сүйреп жүр деп таң қалдық, тілшілер сұрады, сөйтсе, атқа мінген батырды құлатқан жергілікті атқамінерлер мүсіннің заңды құжаты жоғын айтыпты. Қостанай облысы Қарабалық ауданындағы шенеуніктерді құжатсыз ескерткіш қоярдай не қара басқанын қайдам, соңында батырды енді қоладан құямыз деп қипақтады. Әкімдіктегілер әйтеуір мүсінді өздері қойдырып, өздері бүлдіріп, өздері қайтадан құямыз деп шатасты да қалды. Қазақ елінде ескерткіштерге қатысты дау, талас-тартыс тыншымай қойды. Бала кезде өзіміз естіп өскен, жұрттың баласын қарашы деген қағытпаға салсақ былай: Бұл АҚШ-тың Рашмор тауындағы әлемге әйгілі ескерткіш. 18 метрлік мүсінде Американың тағдырын өзгерткен төрт президент қашалған. Джордж Вашингтон, Томас Джефферсон, Теодор Рузвельт және Авраам Линкольн. Деректерге сүйенсек, таудағы бұл ескерткішті жасау 1927 жылы басталып, 1941 жылы аяқталған. Бағасын бүгінгі бағамға салсақ, 11 миллиард доллар жұмсалған. Әлі күнге бар, жасөскіндер тарихқа тағзым етуге барады.

Теңдессіз келесі дүние Америкадағы «Бостандық» статуясы. Скульпторы Фредерик Огюст Бартольди. Бір қолына тәуелсіздік декларациясын, екінші қолына жеңісті меңзейтін алау ұстаған мүсіннің ашылу салтанаты 1886 жылдың 28 қазанында болған. Тәжінде жер бетіндегі жеті құрлық іспетті жеті сәулесі бар ескерткіш демократия мен бостандық сынды теңдессіз ұғымдарды меңзейді екен. Салмағы 225 тонна, мұны трактормен тартып құлату қиын болады, біздің шенеуніктерге құлаққағыс қылғаным ғой. Бағасы 45 миллион доллар екен. Әріге бармай-ақ іргедегі Моңғолияны алайық. Ол жақта биіктігі 39,6 метр болатын Шыңғыс ханға арналған ескерткіш бар. 2008 жылы аяқталған нысанға 5 миллион доллар жұмсалған. Бірақ, біздегі тас мүсіндердей емес, бұл ескерткіштер ақша әкеледі. Мәселен, Шыңғыс ханның осы мүсінінің ішінде сурет галереясы, мұражай, мейрамханалар, естелік сыйлық сататын орындар мен жиындар өткізетін зал бар. Әне, мен атаған барлық мүсіндерге қыруар қаражат жұмсалған, тиісінше, сапалы және келетін саяхатшылардың есебінен табыс тауып тұр. Ал, біздегі шенділер тұрғанын құлатып тастайды, одан сорақысы Хәкім Абайдың мүсінін қоқысқа лақтырыпты деген мақала басылды. Сонымен, біздің ел кімге және қанша ақшаға ескерткіш қойды? Оларды бір құлатып бір тұрғызардай қателік кімнен кетіп жүр?

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу