Qareket. Алты баланың алаңы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Qareket. Алты баланың алаңы

20.09.2018

Кеше «Qareket»-тің «Заң» айдары жарыққа шықты.  Хабарды заңгер Нұрбол Батырбай тізгіндеді.

Хабарға қонаққа әлеуметтанушы Ескендір Құрмаш, Алматы облысы Қарасай аудандық әкімдігінің баспасөз хатшысы Бағдәулет Талипов, Алматы облысы, Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Абзал Нұсқабай, ақын Кәмнұр Тәлімұлы, журналист Елгүл Нұғыманова келді.

Хабардың кейіпкері – көп балалы ана Дәрігүл Бекнұсқаева. Оның отбасы қазір көп балаға берілетін он бес мың теңге жәрдемақыға қарап отыр. Олардың басында баспанасы жоқ.

Ол осыдан үш жыл бұрын күйеуімен бірге тату-тәтті тұрып жатыр еді. Алайда, аяқ астынан күйеуі құмар ойынға салынып, отбасының берекеті кетеді. Ол әлі де болса, күйеуін кешіруге дайын. Өйткені, балаларының бақытты болғанын қалайды.

Осы жағдайды баяндауға бағдарламаға оның анасы Базар Абылаева келді. Оның айтуынша, Дәрігүлдің күйеуі басында жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген. «Құмар ойынға салынғаннан кейін отбасы ойран болды», дейді.

Ол қызының мектепті жақсы оқығанын, тіпті, жоғары оқу орнын да бітіргенін айтты. «Бірақ тұрмысқа шыққаннан кейін, жұмыс істемеген. Қазір Дәрігүл тігін машинасымен көйлек тігіп, шалбардың балағын қысқартып, азды-көпті ақша табады. Алайда бұл – тұрақты емес. Сондықтан кейде ақша болмай қалады. Қолынан келгенше, аға-апалары көмектеседі», дейді Дәрігүлдің анасы.

Дәрігүл Бекнұсқаева Алматы облысы, Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Әлібек Рахметовтен көмек сұрады. Жұмыспен қамту орталығының қызметкері кейіпкердің тұрғылықты жері Қарасай ауданы болғанымен, ол Іле ауданында тіркеуде тұрғанын анықтады. Мұндай жағдайда алдымен Іле ауданына барып, жағдайына байланысты атаулы көмекке рұқсат қағазын алады. Содан соң, сотқа өтініш жазып, көмекке зәру екендігін дәлелдейді. Содан кейін ғана Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығында атаулы көмек тағайындалады.

Дәрігүл Бекнұсқаева зерделеу актісін алуға Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылы әкімінің орынбасары Бекмырза Иманбековке барады. Әкімнің орынбасары 2 маманды Дәрігүлдің үйіне жіберіп, зерделеу актісін жасайды.

Алматы облысы Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығы оған жинауға тиісті құжаттар тізімін берді. Сонымен бірге, осы мекеменің бас маманы Әлібек Рахметов қам көңіл келіншекке қол ұшын созуға уәде берді.

Хабарламаларға жазылу