Қыркүйектің 18-інде «Qareket» бағдарламасы «Әлеумет» айдарымен жарыққа шықты. Хабарды Досан Қызайбекұлы тізгіндеді.
Хабарға «Президент және халық» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, филология ғылымдарының докторы Гүлдархан Смағұлова, Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлзинат Мейірбекова, заңгер Шолпан Бостанқызы, Алматы қалалық Әділет департаменті заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің басшысы Ақерке Қожахметова, Алматы қаласындағы №3 аналар үйінің директоры Манат Әкімқызы, имам Ержан Есім, кәсіпкер Сара Шаяқметқызы қонаққа келді.
Манат Әкімқызының айтуынша, Қазақстан бойынша, он тоғыз қалада жиырма бес аналар үйі бар екен. Өзі басқаратын №3 аналар үйінде шағын цех та бар. Осы жерде жас аналар құрақ көрпе т.б. қолөнер бұйымдарын жасайды.
«Бес жылдың ішінде 3461 ана мен сәби «Аналар үйінде» тұрған. Бұрын 18 ай тұруға рұқсат етілсе, қазір алты айға қысқартылды. Бұған себеп, қыздар он сегіз ай бойы жалқаулыққа еті үйреніп кетеді», дейді №3 аналар үйінің директоры.
Бүгінгі бағдарламаның кейіпкері – жалғызілікті ана – Салтанат Жүсіпова. Ол 3 жыл ата-енесімен бірге тұрып, енесімен келіспеу салдарынан ажырасады. Қазір сегіз жалғызілікті анамен бірге бір бөлмені жалдап тұрып жатыр.
Оның айтуынша, өзі сияқты аналардың материалдық жағдайы шешілмеген. Ол тағдыр талайында жалғыз қалған аналарға арналған «Өз үйім» қоғамдық қорын ашқысы келеді. Мақсаты – жалғызбасты аналарды үй-жаймен қамтамасыз ету.
Заңгер Шолпан Бостанқызының айтуынша, мұндай қор ашудың еш қажеті жоқ. Елімізде «Аналар үйінің» көп екендігін сөзге тиек еткен ол: «Ең алдымен жалғызбасты аналардың құқығын қорғайтын заң шығару керек», дейді.
Ал, Филология ғылымдарының докторы Гүлдархан Смағұлова «Қоғамдық қор құрып, аналарды үймен, тамақпен, материалдық көмек беру – олардың көбеюіне алып келеді», дейді.
Хабардың екінші кейіпкері – Лаура Сұраншиева. Ол да «Аналар үйінде» тұрған. 1 ай тұрған соң, бауырларының жанына көшіп барады. Бір жылдан соң, бауырларымен келіспей, «Аналар үйінде» бірге тұрған қыздың жанына қоныс аударады.
Ол жалғызбасты аналар жұмыспен қамтамасыз етілмеген», дейді. Олар тіркеуде жоқ болғандықтан, жұмысқа тұра алмайды.
Журналист Марат Тоқашбаев «жалғызбасты аналардың көбеюіне – гендерлік саясат кінәлі. Қызметте, қоғамдық өмірде ер мен әйел теңдігі сақталғанымен, отбасында ер адам жоғары тұруы керек», дейді.
Лаураға Алматы қалалық Әділет департаменті заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бас маманы Дәуренбек Бейсенбеков, Алматы қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Ермек Әміров кеңес беріп, жол сілтеді.
Бағдарлама соңында кәсіпкер Сара Шаяқметқызы Лаураға жұмыс ұсынды.