«Qareket». Сыдық Дәулетов: Алғашқыда бір түйе сатып алу арман болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qareket». Сыдық Дәулетов: Алғашқыда бір түйе сатып алу арман болды

18.09.2018

Қыркүйектің 14-інде «Ата кәсіпке адалдық» тақырыбымен мал бағу шаруашылығын дамыту мәселесі көтерілді.

Әдеттегідей жұма күнгі хабарды Бейсен Құранбек тізгіндеді.

Бағдарламада этнограф Ахмет Тоқтабай, журналист Гүлбағыш Бостан, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы, профессор Өмірзақ Есқожаев,  «Ниязов» шаруа қожалығының жетекшісі Санат Ниязов,  Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы, ветеринария ғылымдарының докторы Нығмет Асанов, журналист Бақыт Жағыпар қонақ болды.

Тақырыпқа орай, бағдарламаға  белгілі кәсіпкер  – Сыдық Дәулетов арнайы келді. Оның бес мың түйесі бар. Бір қызығы, алғашқыда бір түйе сатып алу арман болған екен.

Жеке өмірінде де, кәсібінде де қиын кезеңдер болды. Бірақ бәріне қарсы тұрып, бүгінде елге сыйлы азамат атанды.

«Үлкен мақсатқа жету үшін жоспарлы түрде іске әрекет еткен жөн. Бес мың  түйем бар, шұбатханам бар, болдым, толдым десем, қателескенім» деп, үлкен мақсаттарының шетін шығарды. Малмен аты шыққан кәсіпкер  Елбасымен кездескен болатын,  сол кездесуде түйе санын 15 мыңға жеткізем деп уәде берген еді. Енді осы уәдесін орындаймын деп мақсат қойып отыр.

«Заман даму үстінде, космосқа да адам аяғы тиді. Бірақ лосмосқа ұшқан адамға да керегі – азық. Қазір жастар пайдасыз дүниелерге құмар. Әсіресе алкоголь өнімдері ағзаға аса зиян» деп толғанды ол. Сол себепті кәсіпкер Алматы қаласынан шұбатхана ашқан. Осы орында шұбатты дайындайды, тұтынушыға ұсынады.

Қазір кәсіпкер туған жерін гүлдендіруге де атсалысып жүр. Мысалы, шұбатпен емдейтін шипажай, балабақша да ашқан.

Этнограф Ахмет Тоқтабайдың айтуынша, «қазақтың мал бағу кәсібімен шұғылданғанына жеті мың жыл болыпты. Жылқыны алғаш арқаның қазақтары қолға үйреткен екен. Оған алты-алты жарым мың жыл болыпты».

Сондай-ақ, Санат Ниязовтың айтуынша, елімізде пайдаланылатын сүттің 30%-ы ғана отандық өнімдер екен.

Осы орайда, журналист Бақыт Жағыпар жаңа технологиялардың мал шаруашылығы саласында игеріліп жатқанын айтты.

Хабарламаларға жазылу