Сапасыз тамаққа тап келсеңіз не істеу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сапасыз тамаққа тап келсеңіз не істеу керек?

16.09.2018

Жыл сайын әлемде сапасыз тамақ ішіп артынша іші өтіп, құсып 2,2 миллион адам бақилық болады екен. Оның 1,9 миллионы сәбилер. Бұл ауқаттанғаннан кейін арада тәулік өтпей жан тәсілім ететіндердің саны. Жылына әлемде туберкулезден шамамен 1,5 миллион адам, жол-көлік апатынан 1,3 миллион адам көз жұмады екен, ал, арам астан әне 2,2 миллион адам. Ғалымдар сол сессияда астың адамды ажалға айдауының басты себебі өнеркәсіп орындарының көбеюі, тиісінше ауаға тасталатын зиянды қалдықтардың артуы, нәтижесінде уға тұншыққан желекті жұтып уланған мал етінің сіз бен біздің дастарханымызға тартылуы деді. Басқасын былай қойғанда, мүмкіндігі жердегілерге жеткізбейтін Америкада жылына 76 миллион адам астан уланады екен.

Бүкіләлемдік денсаулық ұйымының тағы бір мәліметі желіде желіп жүр. Адамдарының ауруы астан болған елдердің тізімі жасалыпты. Бірінші сатыда АҚШ, ондағы сырқаттанған жұрттың 47 пайызы тамақтан уланған. Екінші сатыда ЕуроОдақ елдері, денсаулығы сыр берген адамдарының 43 пайызы ауруды астан тапқан. Үшінші Жапония, науқастардың 39 пайызы сапасыз тамақ жеп мұрттай ұшқан. Былай қарасаң ақылға томпақ дүние, экономикасы өрге домалап, кедейлерінен кеуде керген байлары көп мемлекеттегі адамдар арам асты адал астан ажырата алма     йды деуге ауыз бармайды.

Айтпақшы, ғалымдар тағы бір біздің қоғамды қорқытатын ақпаратты айтты, ол аяғы ауыр әйелдерге қатысты. Алғашқы үш айда жүрегі айнып, ас батпайтын әйелдерді біздің жұрт жерік, кейде ит жерік деп жатады ғой. Сөйтсек, бұрынғының жерігі жерікпен, ал, бүгінгінің жерігі термиялық өңдеуден өтпеген астың кесірі екен. Салдарына бойына бала біткен әйел жүрегі айнып жүрелеп қалады, ондай кезде ағзаға түскен сапасыз тамақтың бетін қайтару үшін суды көп ішпесе арты жақсы болмайды дейді зерттегендер. Ғалымдар сапасыз асты асағандар шектен тыс толып кетеді деген де қорытынды шығарды, осы орайда жылына семіздіктен 30 000 адамның көз жұматынын ескерте кетейін. Сан көп, дәлел дөп. Ал біздің елдегі ахуал қалай? Күні кеше Шымкентте астан уланып қаза тапқан бөбектің сұрауы кімнен? «Жазым болса быламыққа тіс сынар» деп отыра бермей сапасыз тамаққа тап келсеңіз не істеу керек?

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу