Өзге елде тіркелген темір тұлпармен Қазақстанда қиналмай жүру үшін нені білу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзге елде тіркелген темір тұлпармен Қазақстанда қиналмай жүру үшін нені білу керек?

08.09.2018

«Ас ішерде керек, көлік көшерде керек» деген бар. Күнде көшіп жатпаса да адам біткен қазір жаяу жүргеннен гөрі жамбасын жайлы орындыққа жайғастырып көлікпен ызғытқанға әуес. Соның бір дәлелі, «WardsAutо» компаниясының зерттеуі. 1986 жылы Жер шарында 500 миллион көлік болған. 2009 жылы темір тұлпар саны 980 миллионға жеткен. Қазір жер бетінде 1 миллиардтан астам автокөлік тіркелген. Мамандар бұл көрсеткішке 2050 жылы тағы 1,2 миллиард көлік қосылады деген қорытынды шығарды.

Мұны естіген экологтар күндіз-түні көзі ілмей адамзат баласының темір тұлпар тізгіндеуін тоқтату керек немесе көлік құнын қол жетпестей қымбаттату керек деп дабыл қағуда.

Біздің елде көлік алғандардың көшін Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бастап тұр. 2018 жылдың бірінші маусымында ол жақта 39 607 машина тіркелген. Екінші сатыда Алматы облысы 38 327 автокөлік тіркеуге қойылған. Үшінші орында Алматы қаласы, төртінші Астана қаласы. Бұл екі ірі шаһарда тиісінше 32 705 және 21 994 темір тұлпар жаңа қожайынын тапқан. Бұлардың жартысынан астамы бұрын өзгенің меншігінде болған автокөліктер екенін ескерген абзал. Көбісі біздің ойқы-шойқы, ойдым-ойдым жолдарда талай мәрте бұзылып жолда қалған машиналар. Осы мәселені мақұлмен емес, ақылмен шешу үшін уағында шетелдің тақтайдай тас жолдарында жүйткіп жүрген темір тұлпарларды қандастарымыз жаппай сатып алып қарқ болды. Кейін салығы көбейіп көптің қолы жетпей қалды.

Қазір ше, Ресейдің, Қырғыздың, Арменияның, Беларусьтің, Моңғолияның нөмірін таққан көліктер көшелерде көп.  Сұраныс бар жерде ұсыныс табылады. Әлемжеліде осыларды азғантай салықпен, аз-кем параның көмегімен қазақстандық тіркеуге қойып тірлікті тындырып бере қоятын пысықтар көбейді. «Көлігі бардың қашанда өрісі кең» екенін ескерсек, шетелдің жаңа болмаса да аса көп тепкі көрмеген темір тұлпарын тақымдағысы келетін ағайын әлгі заңсыз нәрсені заңдастырып беремін дейтін жүгірмектерге жиі жүгінетін болыпты. Тақырыпты Еркін Съезұлы зерттеді.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу