«Qareket». Сөз түзелсе... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qareket». Сөз түзелсе...

06.09.2018

Қыркүйектің 3-інен бастап жаңа маусым бастаған «Qareket» бағдарламасының жаңа айдарларының бірі – «Talqy». Кеше эфирге шыққан хабарды Серік Әбікенұлы тізгіндеді.

Хабарда «Сөз түзелсе...» тақырыбымен қазақ тілінің орфография мәселесі көтерілді.

Хабарға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылыми институттың фонетика бөлімінің бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек, тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері Бағдан Момынова, фонетика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Жанар Жұмабаева және танымал журналист, комментатор Есей Жеңісұлы, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жұлдыз Әбділда келді.

Кеңес одағы кезеңінде 1988 жылы ұзақ сараланып, халықтық талқылауға түсіп, орфографиялық сөздік жасалған. Жаңа өзгертулер болғанда, осы сөздікке негізделді.

Қазіргі таңда екі жыл сайын қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігі жарыққа шығып, әртүрлілікке алып келді.

Мысалы, алдыңғы орфографиялық сөздік бойынша, қыркүйек болса, жаңасына сәйкес қыркүйег. Шекара сөзінде де шегара.

Тілдің жаңа қолданушылары арасында сөзді жазылуы бойынша айту кең етек жайған. Осыдан кейін сөздің орфоэпиясы бұзылады. Орфоэпияны бұзбау мақсатында ғалымдар жазылуы мен айтылуын бірдей ету керек деген шешімге келген. Осындайда ойға әлемдік тіл саналатын ағылшын тілінде сөздердің айтылуы мен жазылуында өзгешелік бар екені оралады.

Отбасысы деген сөз де көп дау тудырды. Ғалымдардың айтуынша, дұрысы – менің  отбасысы, ал біз менің отбасым деп қолданып жүрміз. Жаңа өзгертулер қалыптасқан жүйені бұзды.

Соңғы шыққан емледе бірқатар өзгерістер орын алған. Мысалы, үнемі бірге қолданылатын сөздерді кіріктіру. Хауа ана сөзі Хауана болып өзгертілген. Ал Адам ата сол күйінде қалдырылған. Мұның себебі Адам сөзі бөлек те қолданылады. Ал Хауа ана сөзі үнемі бірге. Хауа – ескірген  сөз, қазіргі қолданысымызда жоқ. Бірақ соңғы шыққан жаңа орфографияда алма ағашы сөзі де осы тәсілмен алмағашы болып жазылған. Алма сөзінің жеке тұрып та мағына беретіні белгілі, әрі ол қазіргі уақытта сөздік қорымызда кеңінен қолданылады. Сондықтан, алмағашы дұрыс емес. Осындай қателіктер де орын алып жүр. Бұл әр автордың «өзі би» болуынан. Жаңадан құрастырылған сөздіктерден редакция мүшелерімен мақұлданған дегенді ғана көріп жүрміз. Бұл бір редакцияның ғана мақұлдап, қолданысымызға еніп кететін зат емес. Кеңес Одағы кезеңінде тілдің орфографиялық сөздігін мемлекет бекітіп, бір ғана сөздікке сүйенетін. Бүгінде осындай бірізділік жетіспей жатқандай. 

Журналистер қауымы сұхбат, рақмет сөздерін қалай жазарын білмей жүр. Ғалымдар араб тілінен енген сөздерге «қ» әрпімен жазуды ұйғарған. Мұны бағдарламаға келген қонақ         айтты. Журналистер ендеше неге жаңа сөздікпен бірге түсіндерме кітаптар жарық көрмейді? Жылда жаңа сөздік жасағаннан, сөздікке түсіндірме кітаптар шығарған пайдалы. Қателіктерін өңдеп шығарса деген ойлар айтты.

Осы орайда, ғалым Әлімхан Жүнісбек біріздендірілген жаңа орфографиялық сөздіктің жасалынып жатқанын айтты.

Хабарламаларға жазылу