Елімізде жасөспірімдер қылмысы неге өршіп тұр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жасөспірімдер қылмысы неге өршіп тұр?

01.09.2018

«Шынашақтай күнінен шыбыққа түскен бөбектің кекшіл, ашушаң, қала берді атауға адамның аузы бармайтын қылмысқа бейім келуі бек мүмкін», -  дейді мамандар. Әлемдегі ең қатыгез жасөспірім-қылмыскерлердің тізімі жасалды. Оларды біріктіретін бір-ақ нәрсе. Ата-аналары қараусыз қалдырған немесе бала күнінен көрмегенді көрген.

2016 жылдың 24 ақпанында Санкт-Петербург қаласының тұрғыны Елизавета Дубровина өзінің 17 жастағы туған сіңлісіне 140 рет пышақ сұғып өлтірген. Көзін ойып алып, құлағын кесіп тастаған. 2009 жылдың 26 қазанында Уильям Горзински өзінің 14 жасар туған бауырын пышақтап өлтірген. Неге десеңіз, бірі компьютердің даусын бәсеңдет деген екіншісі оған қарсы болған. Ал, 2009 жылы 11 жасар Джордан Браун әкесінің екінші әйелімен яки, өгей анасымен сөзге келіп қалады. Ашуға булыққан жасөспірім дереу сарайдағы мылтықты әкеліп аяғы ауыр келіншекті ішінен атып өлтірген. 2009 жылдың 24 мамырында 18 жастағы Кит Радулич өзінің 4 жастағы туған сіңлісін бауыздап тастаған. Осылайша, қылмыскер қыз кәмелетке толғанда өзіне тапанша әпермеген анасынан кегін қайтармақ болған.

Біздің қоғамда да жасөспірімдер жасаған қылмыстар өршіп тұр. Бәрі ұрлық-қарлықтан басталады. Бұрын дана қазақ баланы тәрбиелеудің теңдессіз нұсқасын жасап беріп еді. Мәселен, ер баланы 12-15 жасынан бастап «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық» деп намыстандыратын, «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп таңдандыратын, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандыратын, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп сеніміне шек келтірмейтін, «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деп армандайтын болған халқымыз. Қыз баланы:

«Бiлектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,

Кәмшат бөрiк, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көрiп пе ең мұндай түрін», - деп мақтап, ата-әжелері тәрбиені құлағына құйып отырған. Ал, қазір жұмысбасты әке-аналар бұрынғының тәлімін жасөспірімнің санасына сіңіріп үлгере ме? Біздің ұл мен қыз қандай қылмысқа барып арандап жүр, оның алдын алу мүмкін бе? Гүлжазира Ғалиқызы айтады.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу