Істі болған арсыздарды қатаң жазалайтын күн қашан туады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Істі болған арсыздарды қатаң жазалайтын күн қашан туады?

01.09.2018

Қазір әлемді ұл-қыздың қауіпсіздігінен артық алаңдататын тақырып аз. 1982 жылы Палестинадағы төтенше жағдайға қатысты шұғыл отырыс өткізген БҰҰ 4 маусымды Халықаралық – бейкүнә балалар күні деп белгіледі. Сол жылы қарулы қақтығыстан палестиндік және ливандық жүздеген бөбек бақилық болып еді. Әлемде қазір де бұл тақырып өзекті.

 

Мәселен, Йемендегі қанды қырғында 2018 жылдың өзінде 220 бөбек көз жұмып, тағы 330-ы жарақат алған. Ауғанстанда жыл басынан бері 150 бала оққа ұшып, 400-і жарақат алған. Оқсыз-ақ аштықтан қырылып жатқан бөбектер көп, Йеменде қазір 4,3 миллион бөбек аш отыр, ал Сирияда 850 мың бала медициналық көмексіз, тойып ішер тамақсыз қарулы қақтығыс жүріп жатқан аудандарда қалған. Соңғы 7 жылда Сирияда 5,3 миллион ұл-қыз босқын болып кеткен. Біздің ел мұндай сұмдықтардың тізімінде әзірге жоқ. Бірақ, Қазақстанда жасөспірімдерге қарсы қылмыс жасалмайды деп жылы жабу адамдығымызға сын. Өйткені, осы жаздың өзінде мына ақпараттар есімізді алды. Қызылорданың іргесінде қанышер 9 жасар қызды зорлап, анасын өлтіріп кеткен. Тағы бір ақпарат, сол Қызылорда облысында 30 жастағы ер адам 13 жастағы қызды зорлап, қылмысын жасыру үшін адам жоқ жерге апарып, ұрып өлтірген.

 

АҚШ тәжірибесінде «Child welfare system» жүйесі бар. Сондағы 911 нөміріне өзге емес, баланың өзі хабарласып «мені ата-анам ұрды, болмаса қысым көрсетті» десе, әке-шешесі соттың алдынан бір-ақ шығады. Ал, Ұлыбритания мен Германияда 14 жасқа дейінгі жасөспірімді үйде 10-15 минутқа қараусыз қалдырған ата-ананың үстінен бірден қылмыстық іс қозғалады. Франциядағы тәртіп тіпті қатал, 119 нөміріне баладан бөлек басқа адамдар хабарласып «көршім ұл-қызын ұрады, қысым жасайды» десе іс насырға шабады. Өйткені, 2007 жылдан бастап оларда заң күшейді, енді француздар көршісінің баласын ұрып-соғып, ұрсатынын біле тұра 119 нөміріне хабарламаса жазаға тартылады. 3 жылға сотталады немесе 45800 еуро айыппұл  төлейді. Ал, біздегі бөбектерді сыбап, кейде шыбықпен шырқыратып қуатындарға қандай жаза бар? Осы тақырыпты толығырақ «Мәселенің» журналисті Әлия Әшім зерттеді.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

 


 

Хабарламаларға жазылу